Баббит - үйкеліске төзімді қорытпа, қозғауыштық сырғанау подшипнигінде қолданылады; оның негізгі: қалайы, қорғасын, мыс, мырыш, алюминий.[1]
Баббит[2] — ішпектің (подшипник) астарын құюға арналып, қалайы, қорғасын, мырыш, алюминий негізінде дайындалатын қорытпа. Оны 1839 жылы америкалық өнертапқыш И. Баббит (1799 — 1862) ойлап тапқан.[3]
Баббиттің ерекше гетерогендік құрамы (яғни жұмсақ та созылмалы қорытпада қатты бөлшектердің аралас болуы) оның үйкеліске өте төзімді болуына ықпал етеді. Баббиттің балқу температурасы төмен (300 — 440ӘС) болғандықтан өңдеуге өте қолайлы. Қалайылы Баббит тұтқырлығы жоғары және үйкеліс коэффициенті аз ішпектер жасауға қолданылады. Оның қорғасынды Баббитке қарағанда коррозияға беріктілігі, төзімділігі, жылу өткізгіштігі жоғары, ал сызықтық ұлғаю коэффициенті төмен болады. Қорғасынды Баббиттен жоғары температурада қозғалатын ішпектер жасалады. Мысалы, мұндай Баббиттен автомобиль және трактор қозғалтқышының, прокаттау машиналарының ішпектері құйылады. Ал қорғасынды-кальцийлі Баббит темір жол көлігінің т.б. ішпектерін құюға пайдаланылады.[4][5]