Астероид (гр.ἀστεροειδής – жұлдызсияқтылар) — газ-тозаңды бұлттардың эволюциясы барысында пайда болған Күн жүйесіндегі кіші денелер, кіші планеталар деп те аталады.
Бірінші астероидты 1801 жылы 1 қаңтарда италиялық астроном Джузеппе Пьяцци ашты, оны Церера деп атады. 1802 жылы астрономиямен айналысатын неміс дәрігері Ольберс Церераға жақын аймақтан жаңа аспан денесін тауып, оның атауын Паллада деп қояды. 1804 жылы Юнона, 1807 жылы Веста табылды. Кішкентай планеталарды Уильям Гершель астероид яғни «жұлдыз іспетті» деп атауды ұсынды.
Бастапқы кезде құдайлардың аттарымен аталған астероидтарға кейін ұлы адамдардың есімі берілді. Астероидтар табылғанда оған ашылған жылы көрсетілген белгі тағылады. Астероидтың орбитасы есептелген соң тұрақты номер және аты беріледі.
Есептеулер бойынша Күн жүйесінде 1,1-ден 1,9 миллионға дейін радиусы 1 шақырымнан асатын денелер бар. Қазіргі уақытта анықталған астероидтардың көбісі Марс пен Юпитердің арасында орналасқан астероидтар белдеуінде орналасқан. Астероидтық белдеудің жалпы массасы жуық есеппен алғанда 3,0—3,6·1021 кг құрайды. Бұл Ай массасының 4%-н ғана құрайды.
Астероид орбиталарының шеңберден өзгешілігі аз, сондықтан астероидтардың көпшілігі Күн жүйесінің ішкі аймағына кірмейді. Бірақ кейбір астероидтар Күнге жақын келіп немесе Сатурн орбитасының сыртына шығып кетеді. Юпитер орбитасы бойымен планетаның алдында және артында қозғалатын астероидтардың екі тобы бар. Олар «Гректер» мен «Трояндықтар» деп аталады. Олардың айналу периоды Юпитердің айналу периодына сәйкес келеді және орбитадағы орны аспан механикасының теориясын құрушы Лагранждың тапқан заңы бойынша есептеп шығарған нәтижесінен ауытқымайды.
Спектрлік түрлері
Құрамы жағынан астероидтар келесі үш негізгі спектрлік түрге бөлінеді: көміртекті C, силикатты S және металды M астероидтары.
C спектрлік түріндегі астероидтардың альбедосы өте төмен, яғни олардан аз жарық шағылады, және телескоппен бақылағанда, олар қараңғылау болып көрінеді. S астероидтары керісінше жарық болады, яғни альбедосы жоғары болып келеді. M астероидтары никель мен темірге бай, олардың альбедо көрсеткіші орташа шамаларда орналасады.[1]
Бұдан басқа да спектрлік түрлер бар, бірақ оларға жатқызылатын астероидтар салыстырмалы түрде сирек кездеседі.
Пайда болуы
Көпшілік қабылдаған теория бойынша, планеталар пайда бола бастаған кезеңде Марс пен Юпитер аралығында ғарыштық тозаңның аккрециясына Юпитердің гравитациялық өрісі кедергілер келтіріп жүрген. Сондықтан планетезимальдар одан ірі нысандарға айнала алмаған және көптеген соқтығысулар нәтижесінде шағылып, ұсақталып қалатын.[2]