Алессандро Альтобелли (итал. Alessandro Altobelli, 28 қараша 1955 жыл, Соннино, Латина, Италия) — италиялық футболшы, шабуылшы. "Интер", "Ювентус", Брешиа", "Латина" клубтарында және Италия құрамасының шабуыл шебінде ойнаған.
Карьерасы
Карьерасының басым бөлігі Миланның "Интерінде" өтті. 11 маусым үздіксіз клуб сапында ойнап, жүзден аса гол соқты. Ұлттық құрамаға алғаш рет осы "Интерде" ойнап жүріп шақырылды. Құрамадағы алғашқы ойынын 1980 жылы 11 маусымда Италияда өткен Еуропа чемпионатының топтық турнирінде Бельгияға қарсы өткізді. Бұл чемпионатта құрама чемпион болу мақсатына жете алмады, бірақ екі жылдан соң Испанияда өткен әлем чемпионатында чемпион атанды. Бұл турнирде Альтобелли үнемі ойынға тыңнан қосылып отырса да жақсы ойнады, финалдағы ГФР-мен матчта жарақат алған Францеско Грацианидің орнына алаңға шығып, бір гол соқты.
1986 жылғы әлем чемпионатында Альтобелли 4 кездесуде бес гол соқты. Бірақ құрама 1/8 финалдан аса алмады. 1988 жылғы Еуропа чемпионатында Альтобелли құрама капитаны болды, бірақ бір рет қана қарсылас қақпасын дәл көздей алды. Құрама бұл жолы жартылай финалдан аса алмады.
1989 жылы "Брешиаға" қайта оралды (1974-77 жылдары осы клубта ойнап, "Интерге" ауысқан болатын). Бір маусым ойнап, 1990 жылғы әлем чемпионатына баратындар тізіміне қосыла алмаған соң, әлем чемпионатының алдында карьерасын тәмамдады.
1995 жылы Жағажай футболынан Италия құрамасы сапында ойнап, әлем чемпионатында төртінші орын алды, келесі жылы үшінші орынға табан тіреді.
Ұлы да футболшы
Ұлы Маттиас Альтобелли де футболшы, "Интердің" жастар клубында ойнаған. Қазір Италияның үшінші дивизионындағы "Лекко" командасында доп тебеді.
Жетістіктері
- Әлем чемпионы — 1982
- Италия чемпионы — 1979/80
- Италия кубогы — 1977/78, 1981/82
Сілтемелер