«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес...» - Абайдың 1895 ж. жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақтан тұратын 4 шумақ. Ақынның болашағынан үлкен үміт күткен сүйікті баласы Әбдірахман мен інісі Оспаннан айрылып, көңілін мұң басып, қайғы шеккен кезеңіндегі өмір мен өлім, табиғат пен адам хақындағы ойлы толғаныстарынан елес береді.
Өлеңнің тақырыбы
Өмірдің мән- мағынасын жете бағалап, опасы мен жалғанын әрқашан да ажыратып қараған Абай дүниеден өткен адамды біржолата өлдіге санайтын жаңсақ пікірді теріске шығарады. Абай Платон ілімінен арқау алған идеалистік философияның жаратылыс құбылыстарын жоғары қойып, адамды табиғатқа табынтпақ болған кертартпа тұжырымына қарсы. Ол абсолюттік идеялардан нақты дүниелерді ілгері қояды. Ақынның ұғымында «мен» әрі табиғат, әрі адам. Ол «өлсе өлер табиғат, адам өлмес» дегенде сол адамды өлтірмейтін «менікі» саналатын - істеген еңбегі дейді. «Мен» кісінің денесі де, «менікі» - атқарған ісі, ұстаған ойы, айтқан сөзі. Осы «менікі» мәңгілік. «Фәнидің» мінін көрмей қоймайтын, «бақилық» мұрасы. Абайдың бұл тұжырымы түптеп келгенде «Жақсының аты өлмес, ғалымның хаты өлмес» дейтін халық философиясымен үндес жатыр. Сонда ақын «адам өлмес» дегенде не айтпақ? Ол осынау байламды сөзі арқылы халықты табиғат құбылыстарынан жасқанбай, оларды мойынсынбай, қарсы күресуге, еңбек етуге, артына жұрт есінде тұтарлық іс қалдыруға шақырады. Фәнилық дүниеге бой алдырмасаң, терең ойдың соңына ерсең ғана иманың түгел деп түсіндіреді. Бұл жерде, сөз жоқ, ол өзі туралы айтып отыр. Бұл кезде «Абай аға» атанып, дуалы сөзі елге дауа, жұртқа жұбаныш болған ақын өзінің бүгінгі мен болашақты жалғастыратын ірі тұлға екенін жақсы білген. Өйткені оның өзі де «өлмейтұғын артына сөз қалдырған».
Өлеңнің жариялануы
Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Алғаш рет 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» деген жинақта жарияланды. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасында 2-шумақтың 3-жолы «Өлді деуге сыя ма, ойлаңызшы» деп жазылса, басылымдарда Мүрсейіттің 1907, 1910 жылғы қолжазбалары, 1909 жылғы жинақ негізінде «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы» болып алынған. Туынды ағылшын, араб, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған. Ақынның бұл өлеңіне композиторлар С. Мұхаметжанов пен М. Маңғытаев ән-романстар жазған.[1]
Дереккөздер
- ↑ Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9