Әлеуметтік философия

Адамның барлық объективті мүмкіндіктері (дүниені тану, түсіну, ұғыну т.б.) және одан қисынды туындайтын шығармашылық, жасампаздық іс-әрекеттері нақты тарихи дәуірде, қолайлы жағдайларда ғана іске асырылады. Адамның басқа адамсыз күні жоқ, о бастан-ақ ол өз болмысын басқаларсыз қарастырмаған.

Адамның дүниеге қарым-қатынасының мәнін ашу негізгі міндеті болып табылатын философия қоғамды жан-жақты зерттеп, оның түпкі заңдылықтарына ерекше көңіл аударып отырған.

Философияның қоғамды ерекше құбылыс ретінде қарастырып, оның мәнін ашатын бөлімі - әлеуметтік философия деп аталады. Ол қоғамды біртұтас динамикалық жүйе ретінде ала отырып, оның негізгі және қозғаушы күштерін анықтап, өмір сүруі мен дамуының тетіктерін айқындайды. Әлеуметтік процестердің қисынын түсіндіреді.

ХІХ ғасыр философиясында әлеуметтік философия онтологияны, гносеологияны, философиялық антропологияны, этиканы толықтырып отыратын қосалқы пән ретінде дамыған. Дүрбелеңге толы XX ғасырда әлеуметтік философияның қоғамдық маңызы аса түскенін атап айтуымыз қажет.

Әлеуметтік философия дегеніміз-қоғамдық дамудың жалпы заңдылықтарын түсіндіретін теория. Ол социологиямен тығыз байланысты. Егер әлеуметтік философия қоғам туралы білімдердің жоғары дәрежедегі жинақталуы немесе топтастырылуы десек, онда социология осы білімдердің орта дәрежедегі жинақталуы немесе топтастырылуы. Социология қоғамдағы жеке жүйелердің өмір сүріп, даму заңдылықтарын зерттейді. Мысалы, отбасы социологиясы, білім беру социологиясы, ғылым социологиясы.

Әлеуметтік философия мен социология бірін-бірі толықтырады. Ғылыми білімнің тарих, археология, этнография, саясаттану сияқты салаларымен біріге отырып, қоғамның толық сипатын бере алады.

Дегенмен‚ қоғамды философиялық зерттеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Өйткені, тарихты санасы бар адам жасайды. Сондықтан қоғамдық өмір әртүрлі, шым-шытырық, тіпті шатасылған, онда күтпегендік жиі болып тұрады. Ол әртүрлі көріністерге өте бай, оның көріністерінің терең қабаттарына бойлай отырып, ондағы заңдылықтарды анықтау оңай жұмыс емес. Қоғамдық болмысты тануға ең жетілген эксперименттік база көмектесе алмайды. Бұл жерде көптеген фактілерді жинақтап, талдап, түсіндіретін ақыл-ойдың ғаламат күші мен біліктілігі қажет. Әлеуметтік философияда әртүрлі ойлар мен теориялардың ақиқаттығын бірден тікелей дәлелдеу қиын, олардың дұрыс-бұрыстығына көз жеткізу үшін уақыт керек.[1]

Дереккөздер

  1. “Философия” Есіркепова Г.К., Шымкент, 2008.

Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!