Басқа мағыналар үшін Қаратау деген бетті қараңыз.
Қаратау – Тәңір тауы жүйесінің солтүстік доғасына кіретін таулар.
Географиялық орны
Кетпен (Ұзынқара) жотасының оңтүстік сілемі. Алматы облысы Райымбек ауданы жерінде, Шалкөдесу және Сүмбе өзендерінің суайрығында орналасқан. Батысында Теген Қаратау, шығысында Үшхасан тауларымен, солтүстігінде Кетпен жотасымен, оңтүстігінде Сарытау тауларымен жалғасады.
Сипаты
Абсолюттік биіктігі 3722 м. Батыстан шығысқа қарай ендік бағытта 60 км шамасында созылған, енді жері 15-20 км. Тау жоталары қар сызығынан төмен жатқандықтан мұздықтар кездеспейді. Қаратау тауы тік шатқалды құздар мен үстірт тәрізді тегіс беткейлермен ерекшеленеді. Үстімен соқпақ жолдар, көлік жолдары өтеді. Тау өзен аңғарларымен, терең әрі тік шатқалдармен тілімделген. Таудан Сүмбе, Есекартқан өзендері мен Шалкөдесу өзенінің басты салалары бастау алады.
Топырағы мен өсімдіктері
Тау етегіндегі өзендердің ысырынды конустарында қызғылт қоңыр топырақты дала ландшафтысы дамыған. Тау етегінде таудың орманды-дала белдеуі, таулы орман топырағынд Тянь-Шань шаршасынан тұратын қылқанды орман (1800-2000 м) белдеуі орналасқан. 2700-3000 м биіктікте таудың шалғын топырағында субальпілік ландшафт, ал 3000 м биіктікте түрлі шөпті альпілік шалғындар таралған. Таудың солтүстік-батыс бөлігін табиғаты көрікті Шалкөде жайлауы алып жатыр.[1]
Дереккөздер