Қара дегелек (лат.Ciconia nigra) - саны тұрақты сирек кездесетін түр.
Сидамсирақтылар отрядына жататын құс. Дене тұрқы 100 см шамасыңда, қанатының ұзындығы 52-59 см, құлашы 200 см-ге жуык, салмағы 3-4 кг. Сирақтары, тұмсығы, көзінің айналасындағы жалаңаш тері қызғылт келеді. Түсі жасылқара, бауыры ақ. Мойынын созып, сирақтарын жинамай ұшады. Жартасқа салған ұясын бірнеше жыл бойы пайдаланады. Талшіліктен құрастырып, түбіне мүк төсейтін ұясының биіктігі 40 см, 2-5 жұмыртқа салып, 35 тәулік басады. Қосмекенділермен, балықпен, су жәңдіктерімен, ұсақ сүтқоректілермен қоректенеді.
Қазақстанда орманды, таулы аймақтарда таралған, кейде тіпті ағашы жоқ жартасты тауды да, жазықты да мекендейді. Қазақстандағы жалпы саны 300-дей, негізгі мекендейтін жерлері - Алтай, Жоңғар Алатауы және Тянь-Шань таулары. Ұя маңындағы мазасыздыққа төзе алмайды. Бұл құсты сақтау үшін ұяның айналасынан радиусы 0,5 шақырымнан кем емес тыныштық аймағын ұйымдастыру керек.[1]
Жартасты тау шатқалдары, оңтүстіктегі ксерофитті шағын ормандардан Алтайдағы қылқан жапырақты тайгаға дейінгі жазық және тау ормандары.
Саны
Көп емес. Біздің және әдебиет көздері бойынша Қазақстанда 150 жұптан артық емес, оның ішінде Батыс Тянь-Шаньда 20 жұптай, Солтүстік Тянь-Шаньмен Жоңғар (Жетісу) Алатауында – 10, Алтайда – 100-ге жуық, Орталық Қазақстанда 5-10 жұп. Көрсетілген аудандарда 40-қа жуық ұя белгілі. Алтайда қара ләйлектің саны соңғы жылдары көбеюде, толықтай алғанда Қазақстан бойынша біршама тұрақты.
XX ғасырдың 90-шы жылдарының ортасында күзгі миграцияалды және миграциялық топталу Қазақстанның шөлді аймақтарында байқалады, радиобелгілеу бұл аймақ арқылы Сібірде ұялайтын дегелектердің біршамасы ұшып өтетіні бақыланған. Мысалы, 1995 жылы 29-31 тамызда Жамбыл облысының оңтүстігінде 34 және 21 бастан тұратын қара ләйлектердің жиыны бақыланса, ал 2004 жылы 5-7 қазанда Қызылорда облысы Солтүстік Қызылқұмдағы Қуандария өзенінің аңғарындағы бірнеше жүз дегелектердің жиналғаны белгілі.
Негізгі әсер ететін факторлар
Зерттелмеген. Кейбір аудандардағы шатқалдардың қарқынды шаруашылық жағынан игерілуі, ұясының маңында мазалау және бұзу, батпақты жерлерді құрғату.
Биологиялық ерекшеліктері
Жыл құсы, Үндістанда қыстайды. Наурыз-сәуірде ұшып келеді. Саз және шөппен байланыстырып бұтақтардан жасаған ұясын жартасқа және ағашқа салады. 2-6 жұмыртқадан тұратын ұяны 32-38 күн басады, балапандары ұяда 60 күндей болады. Ұяда, әдетте 3-5 (орташа 3,7) балапан өседі. Олар ұяны маусым-тамыздың басында тастайды. Күзгі ұшып кету қыркүйек-қазанның басында тоқтайды. Қорегінде майда балықтар, амфибиялар (ересектері мен бақашабақтары), кесірткелер, ірі насекомдар басым; сирек – жыландар, кеміргіштер, майда құстардың балапандары. Өте ұнататын қоректік учаскелері болады, онда 10-12 ләйлек жинала алады.
Қолда өсіру
Европаның көптеген хайуанаттар парктерінде көбейеді. Қазақстанда хайуанаттар парктерінде көбейгені жайында деректер тіркелмеген.