Қазақстан тарихында Қазақ хандығы дәуірі деп аталатын кезеңге XV ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың бірінші ширегі аралығы жатады. XV ғасырдың ортасында Керей мен Жәнібек хандардың басшылығымен Қазақ хандығы құрылады. Ол мемлекет қазақ жерінде сақ дәуірінен бері жалғасып келе жатқан мемлекеттіліктің жалғасы және қазақ халқының ұлттық сипаттағы мемлекеті болып саналады. XIX ғасырдың бірінші ширегінде Ресей билігі алдыменен Орта жүзде (1822), содан кейін Кіші жүзде (1824) хандық билікті жояды.
Үш жарым ғасырдан астам өмір сүрген Қазақ хандығы дәуірі өз ішінде екі үлкен тарихи кезеңге бөлінеді. Біріншісі - бір орталықтан басқарылған кезең, екіншісі - бытыраңқылық кезең деп аталады.
Бірінші кезеңге хандық құрылғаннан 1715 жылы Тәуке хан қайтыс болғанға дейінгі аралық жатса, ал екінші кезең 1715 - 1824 жылдар аралығын қамтиды.
Бірінші кезең тағы да өз ішінде шартты түрде бірнеше кішігірім кезеңдерге бөлінеді. Олар – хандықтың құрылуы, күшеюі, әлсіреуі, қайта өрлеуі, өзара талас немесе «текетірес», жоңғарлармен алғашқы күрес, «алтын ғасыр» кезеңдері. Осы кезеңде Қазақ хандығында мынадай хандар билік жүргізді: Керей хан, Жәнібек хан, Бұрындық хан, Қасым хан, Мамаш хан, Тайыр хан, Бұйдаш, Ахмет, Тоғым хандар бір мезгілде, Хақназар хан, Шығай хан, Тәуекел хан, Есім хан, Тұрсын хан, қайта Есім хан, Жәнібек хан, Жәңгір хан, Тәуке хан.
Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін екінші кезең – бытыраңқылық кезең басталып Қазақ елінде - Ұлы жүзде, Орта жүзде және Кіші жүзде жеке хандар пайда болады.
Қазақ хандығының құрылуы
1457 жылдың күзінде Әбілқайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін, Керей мен Жәнібек сұлтандар қол астындағы ру-тайпалармен Шу өңіріне келіп қоныстанып, Қазақ хандығының негізін салады. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» кітабында Қазақ хандығының құрылған жері - Шу бойы мен Қозыбасы деп айтылады. 1458 жылдың көктемінде Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлайды. Әбілқайыр ханға наразы сұлтандар, әмірлер, ру-тайпа басылары Керей мен Жәнібекке келіп қосылады. Аз уақыттың ішінде халықтың саны 200 мыңнан асып түседі.
Қазақ хандығының қалыптасуы мен нығаюы
XV ғасырдың 60-жылдары өмірге келген Қазақ хандығы бұл мезгілге дейін аяқталып қалған қазақ халқының қалыптасуының табиғи жалғасы әрі жиынтығы болатын. Өз ішінде алаш атанған қазақ ұлтының негізгі өмірлік сұранысын, яғни этнос|этностық аумағының бүтіндігін, шаруашылығы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігінің қауіпсіздігін Ақ Орда , Моғолстан мемлекеті , Әбілхайыр Ордасы Әбілхайыр хандығы және Ноғай Ордасы сияқты мемлекеттік құрылымдар қамтамасыз ете алған жоқтын. Өйткені бұл хандықтардың өз ішінде де саяси және экономикалық тұрақтылық болған емес. Сондықтан да қалыптасу жолында тұрған қазақ ұлтының аумағы мен жеке тайпалық бөліктерінің түрлі тұрақсыз хандық биліктердің құрамына еніп, тынымсыз қайта бөлініп отыруы ұлттық ұюға жағымсыз ықпал жасаумен болды. Бұл мезгіл — Орталық Азия кеңістігінде Шыңғыс хан дәуірі, тіптен одан да бұрынғы ру және тайпалық араласудың күні өткен уақыт болатын. Ұлттық ұюға біржола бет бұрған ендігі кезеңде халықтардың тұрақты өмірі мен тіршілігін, атамекеннің тұтастығын, үдемелі дамуға деген табиғи ұмтылысын қамтамасыз ете алатын жалқы фактор — мемлекет тұтастығының болуы еді. Әрқайсысы жеке хандықты иемденуден үміттеіп, тынымсыз соғыс жүргізуге әдеттенген Шыңғыс хан әулетінің арасында мұндай қоғамдық сұраныстарды дәл түсініп, оны қанағаттандыруға бар күшін сарп еткендері де аз болған жоқ.
Қазақстандағы хандық биліктің жойылуы
XIX ғасырдың басында Ресейдің орта жүздегі саясаты белсенді болып, шаруашылық саласында жаңа бағыттар қалыптаса бастады. Жайық, Каспий теңізі, Ертіс, Зайсан көлі маңындағы қазақтар бұрын мал өсірумен айналысса, енді олар балық аулаумен шұғылдана бастады. Сонымен қоса шығыс және орталық аймақтарда тас көмір, түсті металл, өндіретін алғаш кен орындарын игеру жүзеге асырылып, ХІХ ғ. ортасына қарай су және жел дирмені, ұсталық, май, кен, былғары өңдеу зауыттары іске қосыла бастады.Тау кен өндірісіне Орал әскери шебі бойында тартылған жатақтардың саны жыл санап өсе түсті. Мысалы: 1820 жылы 6 мың адам болса, 1824 жылы ол сан 2 мыңға өскен. Уәли билігінің әлсіздігі Ресейдің бұл аймаққа ықпалын күшейте түсті. Империя құрамына Қазақстанның қосылуы, оның орналасқан геосаяси жағдайы Ресей үшін тиімді болды. Сонымен қатар Қазақстанның Қытаймен, Орта Азия халықтарымен Сібірмен тиімді сауда қатынасы Ресей үшін тиімсіз еді. Осындай жүріп жатқан ілгерлеушіліктерге патша үкіметі талабын қанағаттандырып, Ресейдйң басшылық, және саяси жағынан жүргізіліп отырған шаралары жандана түсті. Сондықтан да халық арасында ықпалы төмендей түскен қазақ хандықтары патша үкіметінің билеу саясатына қарсылық ұйымдастыра алмады. Қытай жағына “ауып түсіп”, “Богдыханның бодандығын қабылдауы” мүмкін деген қауіптері де хандық институттың жойылуын тездетті. 1781 жылы Абылайдың қайтыс болуы, оның толып жатқан ұрпақтары арасындағы кикілжіңдер хан билігін әлсіретті.
Қазақ хандықтарының сыртқы саясаты мен дипломатиясы (15-17 ғасыр)
Қазақ хандықтарының сыртқы саясаты мен дипломатиясы (15-17 ғасыр), Қазақ хандығы 15 ғасырдың 60 жылдарының ортасы мен 70 жылдарының басында (Мұхаммед Хайдар Дулатидің есебі бойынша 1465-66 ж.) Батыс Жетісуда құрылды.[1] Оның негізін қалаушылар Керей хан мен Жәнібек хан болды. Қазақ хандықтарының сыртқы саясат жөніндегі бағыт-бағдары және дипломатиялық қатынасы белгілі бір дәуірдегі ішкі, әсіресе сыртқы жағдайға сәйкес өзгеріп отырды.
Қазақ хандығының Ресей құрамына кіруі
Қазақ хандығының Ресей құрамына кіруі - XVIII ғасырдың орта шенінде басталып, IXX ғасыр ортасында аяқталған тарихи процесс.
Тағы қараңыз
Дереккөздер
- ↑ “Қазақ Совет Энциклопедиясы”, ІХ том