«Қазақ йырлары» - ноғай және құмық халықтары ауыз әдебиетінде толғау, терме түрінде айтылатын жырлар. "Қанна қазақ йырлары" деп те аталады. Мұндағы "қазақ" сөзі мен этникалық "қазақ" атауының белгілі бір мөлшерде тарихи тамырластығы, туыстығы байқалады. "Қазақ йырларында" әскери-патриоттык сарындар басым орын алады, әрі көтеріңкі рухпен жырланады. Пішіні тирада үлгісінде, буын саны аралас келеді. Қазақтың толғау сөздерінен еш айырмасы жоқ. Тақырыптық, идеялық, образдық жүйелері, ырғағы, ұйқасы, стильдік айшықтары түгел сәйкес келеді. Кейде сөзбе-сөз қайталанатын шығармалар да кездеседі. Қазақ, ноғай, қарақалпақ толғаулары, құмықтың "ойлы йырлары", башқұрттың "қобайыры", қырғыздың "санат- насият ырлары" және ноғай мен құмықтың "Қазақ йырлары" әр түрлі айтуларына қарамастан тарихи-генетикалық тұрғыдан бір жанрға жатады.[1]
Дереккөздер
- ↑ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010. ISBN 9965-26-096-6