Розенбуш Карл Генрих Фердинанд (нем.Karl Heinrich Ferdinand Rosenbusch,24. 6. 1836, Эйнбек, Ганноверге таяу жер, ГФР, — 20. 1. 1914, Гейдельберг) —неміс петрографы және геологы. Гёттинген, Гейдельберг университеттерінде оқыды. 1869 ж. Фрейберг тау-кен академиясында Розенбушке философия докторы деген ғылыми дәреже берілді. Розенбуш геология мен минералогияның Страсбургтегі (1873), Гейдельбергтегі (1878—1908) профессоры, Бадендегі геологиялық комитетінің директоры (1888 жыл) болды. Розенбуш — тау жыныстары шлифтеріндегі минералдарды физикалық-оптикалық әдіспен анықтау жөніндегі еңбек авторларының бірі. Поляризациялық микроскопты біраз жетілдірді. Ол тау жыныстарын зерттеудің микроскопиялық әдістерінің сипаттамасын ұсынды (1873). 1890 ж. атпа тау жыныстары көп түрлілігінің себебі магманың жіктелуінде екендігі жөніндегі пікірдің негізін салып «ядро» теориясын ұсынды.[1]