Ақсай Қазақ автономиялық ауданы — Қытай Халық Республикасының Гансу өлкесінде 1954 жылы 27 сәуірде құрылған әкімшілік аудан. Орталығы — Боложаңзы. Жер көлемі 33733 км2. Ауданда қазақтардан басқа қытай, ұйғыр, дүңгендер мекендейді. Қазақтар саны 2847 адам (1991 ж.). Аудан Гансу, Шыңжаң және Цинхай өлкелерінің тоғысқан жерінде орналасқан. Жер бедері күрделі, айналасы тау, биік үстірт, құмды шөл дала. Ауасы құрғақ, жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 110 мм. Аудан табиғи ресурстарға бай. Тұрғындары мал шаруашылығымен, балық аулаумен айналысады.
1934 — 1939 ж. Шыңжаң губернаторының қазақтарға қолданған қатаң саясатының нәтижесінде Алтай аймағының Баркөл аудандағы қазақтардан 30 мыңға жуық адам Шыңжаңның шығысындағы Гансу өлкесіне босып кетті. Қазақтар губернатор Шың Шысайдың,Ма Буфаң әскерлерінің шабуылына ұшырады. 1950 ж. ҚХР үкіметі Гансудегі Шыңжанға қайтқысы келген қазақтарды қайтарып, қалғанын сонда орналастырды. Ауданға қарасты 4 ауыл, 13 қыстақ бар. 1955 жылы тұңғыш ауылдық мектеп ашылды. Қазақ мектептерінде қазақ тілінде білім беріледі. 1972 жылдан кәсіби қазақ ойын-сауық ұжымы жұмыс істейді. Мұндағы қазақтар дінін, ұлттық салт-дәстүрлерін сақтаған.