Аудан орталығы – Күршім ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 83 км-дей жерде, Зайсан көлінің солтүстік-шығысындағы шығанақ жағалауында орналасқан. Жері - шөлейтті жазық, климаты шұғыл континентті, жазда ауа температурасы 40-50 0С-қа дейін көтерілсе, қыста 40-50 0С-қа дейін төмендейді.
Тарихы
1959 жылы бір түнде су астына кеткен Мөнекей ауылы халқының Аманат қырына көшіп, қоныстануынан пайда болған. Атауының тарихына келсек, 17-18 ғасырлар шамасында Марқакөл өңірі жақтағы бір байдың баласы қатты боранда осы қырда бір табын жылқыны айдап бара жатып адасып, үсіп қайтыс болған. Артынан іздеп келгендер денесін сол жерде жерлеп, басына зират орнатып, аманат етіп кеткен екен. Жаңа қоныстанған ауыл халқы сол аманатты ауылдың атауы ретінде қалдырыпты. Негізгі тұрғындары бұрынғы Мөнекей ауылынан болғандықтан екі ауылдың аты ел аузында Мөнекей-Аманат, бұрынғы Мөнекей немесе қазіргі Аманат деп қатар жүреді.
Ауыл сипаты
Ауылда 80 шақты үй, Мөнекей атындағы жаңа үлгідегі орта мектеп, балабақша, кітапхана және клуб бар. Халқы балық аулаумен айналысады. Балық өңдейтін шағын трест бар. Аудан орталығы және басқа елді мекендермен автомобиль жолымен қатынасады. Аманат ауылынан солтүстік-шығысқа қарай (15 км-дей) мемлекеттік табиғат ескерткіштері қатарына жатқызған Қиын-Керіш шатқалы орналасқан.[1]