Адам экологиясының әдістері (Методы экологии человека). Адам экологиясы ұзақ уақыт даму нәтижесінде қалыптасты. Осы даму барысында оның теориялық негіздері, ғылыми және қолданбалы міндеттерді орындаудың әдістемелік ережелері мен нақты әдістік тәсілдері қалыптасты. Антропоэкологиялық идеялардың қалыптасуы мен дамуы адам экологиясының басқа пәндерден — табиғи және әлеуметтік географиядан, демографиядан, социологиядан, биология мен медицинадан алған зерттеу әдістерінің жетілдірілуімен және өңделуімен қатар жүрді.
Адам экологиясының әдістемелік негіздерін қалыптастыру үшін оны жер бетінде адам қауымдастықтары мен табиғи кешендердің әрекеттесу процесінде қалыптасатын кеңістіктік-уақыттық жүйелердің (антропоэкожүйелердің) даму заңдары туралы ғылым, бұл жүйелерді реттеу мен басқару әдістері туралы ғылым деп ұғыну маңызды болды.
Антропоэкологиялық әдістер жүйесінде табиғи, әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық, саяси, экологиялық-гигиеналық және т.б. факторларды бағалау үлкен орын алады. Кейде адамдардың тіршілік әрекетіне әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін құбылыстар мен факторлардың тізімі бар антропоэкологиялық кадастрлар түзіледі. Бағамдаушылық зерттеулер табиғатты, шаруашылықты, халықты, медициналық-демографиялық және әлеуметтік керсеткіштерді жүйелеп, тақырыптық картографиялаудың қарқыны өсуімен өзара тығыз байланыста дамиды.
Антропоэкологиялық объектілерді зерттеудің маңызды әдістемелік принципі — ең алдымен картографиялық үлгілеу. Адам экологиясында аудандастыру сияқты маңызды әдістемелік тәсіл кеңінен қолданылады. Адамның мекен ету ортасын оңтайландыру мен әлеуметтің денсаулығы деңгейін көтеру антропоэкологиялық болжау негізінде ғана мүмкін болатын келешектік бағалауды қажет етеді. Адам экологиясының ішкі дамуының күрделі процестері нәтижесінде ол қазіргі уақытта антропоэкожүйелердің ішкі құрылымын, олардың аумақтық ұштасымы мен кеңістіктік-уақыттық байланыстарын зерттейтін ауқымды іргелі ғылым болып отыр. Адам экологиясындағы жүйелік тұрғыдан қарау антропоэкологияның тән сипатты міндеттерін жүйенің жалпы теориясының ережелерін қолдану арқылы шешу нәтижесінде қалыптасты.
[1]
Дереккөздер
- ↑ Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Экология және табиғатты қорғау. Алматы:"Мектеп" ААҚ , 2001. ISBN 5-7667-8188-1