Ғимарат үш жартылай сферикалық күмбезбен жабылған: біреуі ортада және енді шетінде. Портал шеті аркамен жабылған. Портал бұрыштарында доғал келген бағаналар бар. Порталдың жоғарғы жағы карнизбен аяқталған. Қабырғалары күйдірілген кірпіштен салынған. Порталдың бүйір тұсынан солтүстік фасадында 0,820 белгідегі баспалдаққа шығар жол бар.Орталық кіреберіс қақпаға қарама қарсы михраб орналасқан.
Тарихы
Сайрам ауданында IX ғасырда салынған, Қожа Ахмет Ясауидың «Рисала» атты бізге қолжазба күйінде жеткен кітабында Абд ул-Әзиз бабМұхаммед пайғамбар бастаған ислам жолына түскен алғашқы кісілердің бірі екендігі айтылады. Оны есімінің соңына қосылған «баб» сөзі де байқатады. Абд ул-Әзиз Сайрамдағы Ибрахим атамен (Қожа Ахмет Ясауидың әкесі) және Отырардағы Арыстан бабпен аталас. Күмбез XVI ғасырда қалпына келтірілген. Оны қайта салдырған қазақ ханы Наурызахмет (Барақ) деген мәліметтер бар. Бұл күмбез Сайрамдағы ең үлкен кешен саналады, ол ортағасырлық сәулет дәстүрінде салынған. Төрт бұрышты күйдірілген кірпіштерден қаланған күмбезді кешен үш бөлмеден тұрады. Кірер аузы текшеленіп, аркамен тізілген, екі жақ босағасына бағаналар орнатылған. Кешенді жөндеуден өткізген құрылысшылар күмбездің бастапқы жобасын сақтауға тырысқан.[1][2][3]