Абай (сахналық қойылым)

«Абай» - М. О. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы негізінде жасалған сахналық қойылым. Алғаш 1949 ж. 28 желтоқсанда Қазақ драма театрында қойылды. Авторлары - Ш. К.Айманов, Я. С.Штейн.

Қазақ сахна өнері тарихында прозалық шығарма негізінде қойылған тұңғыш спектакль. Алғаш рет МХАТ қолданған роман оқиғаларын «автор атынан» байланыстыратын тәсіл буған да енгізіліп, Айманов пен X. Бөкеева сахналық жүйеде қамтылмаған маңызды оқиғаларды авансценаның екі жағынан көрермендерге жеткізіп тұрған. Бұл, бір жағынан, романның тарихи жүйесіне нұқсан келтірмей, көркемдік ерекшелігін сақтай отырып, сахна заңдылығына бағындыруға септігін тигізсе, екіншіден, сахналық жүйеде ең маңызды әлеуметтік құбылыстарды Абайдың шығармашылық, ағартушылық Һәм қоғам өміріндегі тірлігімен байланыстыруға мүмкіндік берді. Сөйтіп, спектакль көркемдік жағынан біртұтас, әрі қабылдауға жеңіл болып шықты. Спектакльде феодалдық дәуірдегі әлеуметтік қайшылықтар терең ашылып, Абайдың есею, оның күрескер дәрежесіне көтерілу жолы нанымды бейнеленген. Екі ғасыр шегіндегі қазақ жұртының тіршілігі өзінің бар болмысымен осы Абай бейнесімен қатар өріліп отырған.
Спектакль шәкірт Абайдың оқудан қайтқан көрінісінен басталады. Құнанбай аулындағы салтанат сахнада әсем бейнеленген. Абайдың балалық шағын Ә. Ысмайылов, жігіттік шағын Қ. Бадыров ойнайды. Бадыров бейнелеуінде Абайдың көзқарасы, әлеуметтік қайшылықтарды топшылаулары гуманистік Һәм философиялық деңгейге көтерілген. Спектакльде бар болмысымен бейнелеу тапқан - Қ. Қуанышбаев жасаған Құнанбай тұлғасы. Актер ойынында ақылды да айлалы Құнанбай - өр мінезді, өткір, қатал да қайсар, ешкімді бет қаратпайтын, ұстанған бағытына берік, феод, қоғамның негізін өле-өлгенше қорғайтын адам. Қалың жатақтың басшысы - Дәркембай бейнесі Е. Өмірзақовтың ойынында қарапайым халықтың қамқоршысы, осы жолда ештеңеден тайынбайтын табанды күрескер, дау-шарда ысылған шешен, әділет туын қолдан түсірмейтін жан болып бейнеленген. Ақыл парасаты мол мейірімді әже - Зере Р. Қойшыбаеваның орындауында от басы бірлігін қолына берік ұстаған ғазиз ана ретін¬де көрінсе, С. Майқанова ойнаған Ұлжан да келбетіне ақылы сай қазақ әйеліне тән жан болып шыққан. Әділетсіздіктің қолшоқпары - Майбасар бейнесі де С.Қожамқұловтың мүсіндеуінде даралық сипат алған. Абай дәуірінің тынысын суретші В. В. Голубович тарихи әрі көркемдік шындық тұрғысынан көрсете білген. Қойылымға қатысқан Ш. Айманов, Қ. Бадыров, Қ. Қуанышбаев, Е. Өмірзақов, С. Қожамқұлов, Р. Қойшыбаева, X. Бөкеева және В. Голубович КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды (1952 ж.), Б. Құндақбаев.[1]

Дереккөздер

  1. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9

Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!