Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков (1 наурыз 1931, Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қызылсу ауылы – 23 шілде 1999, Алматы) — қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, техника ғылымдарының докторы (1972), профессор (1973), Қазақстан Ғылым Академиясының академигі (1979), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1974).
Өмірбаяны
- Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген (1954).
- 1954 – 58 жылдары Қазақ химия-технология институтында оқытушы, аға оқытушы, механика факультетінің деканы,
- 1958 – 62 жылдары Мәскеу тоқыма институтының аспиранты, ассисенті,
- 1962 – 70 жылдары Қазақ политехникалық институтында (қазіргі ҚазҰТУ) аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан, проректор қызметтерін атқарды.
- 1970 – 86 жылдары Қазақ мемлекеттік университеттінің (қазіргі ҚазҰУ) ректоры қызметінде болып, осы оқу орнының Кеңес Одағындағы жетекші жоғары оқу орындарының біріне айналуына елеулі үлес қосты. ҚазМУ қалашығының салынуына ұйытқы болып, көптеген жаңа кафедралардың ашылуына басшылық жасады.
- 1986 – 88 жылдары осы оқу орнының қолданбалы механика кафедрасында меңгеруші,
- 1988 – 94 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының Механика және машинатану институтында зертхана меңгерушісі, директор, құрметті директор қызметтерінде болды.
- 1994 – 95 жылдары республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ғылым, білім және жаңа технологиялар жөніндегі комитет төрағасы,
- 1995 – 96 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты,
- 1996 жылдан өмірінің соңына дейін Парламент Мәжілісі депутаты, әрі ондағы Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитет төрағасы болды. Жолдасбеков дүние жүзі мойындаған ғалым ретінде Халықаралық инженер академияның вице-президенті болып сайланды (1991).
- 1993 жылы Ислам елдері инженер академиялары федерациясының вице-президенті,
- 1997 жылы Америка инженер-механиктер қоғамының мүшесі болып сайланды.
Ғылыми саладағы еңбектері
Қазақстан Инженерлік академиясының негізін қалап, оның тұңғыш президенті болды. Ол жазық рычагты жоғарғы класты механизмдер кинематикасы, кинетостатикасы, серпімді буынды механизмдер динамикасы салаларында ғылыми зерттеулер жүргізіп, жазық және кеңістіктік жоғары класты механизмдер мен манипуляциялауыш құрылғылардың графиктік-аналитикалық және аналитикалық теориясын негіздеді. Соның нәтижесінде Жолдасбековтің басшылығымен әлемдік практикадағы теңдесі жоқ түбірінен жаңа жүк көтергіш, жүк тиегіш-түсіргіш, грейдерлік, жүк қармауыш және манипуляциялауыш құрылғылар жасалынып, өндіріске енгізілді.
Жолдасбеков қазақ ғалымдары арасында бірінші болып қазақ тілінде машинатанудың терминологиялық сөздігін жасады, машиналар мен механизмдер теориясы туралы оқулықтар жазды. Аталған ғылым салалары бойынша ғалымның 400-ден аса ғылыми еңбектері (оның 70-тен астамы шет елдерде басылып шықты), 12 монографиясы жарық көрді. 30-дан аса оқулықтар мен оқу құралдарының, 126 авторлық куәлік пен шетелдік патенттердің авторы атанды, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды.
Есте қалдыру
Шығармашылығы:
- Машиналар механизмдерінің теориясы, А., 1972;
- Анализ и синтез механизмов и манипуляционных устройств высоких классов, Варна, 1989;
- Структурно-кинематический синтез плоских рычажных механизмов высоких классов, А., 1993.
Марапаттары
- Қазақстан Мемлекеттік сыйлық лауреаты (1983).
- Ленин орденімен
- 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен
- көптеген медальдермен, оның ішінде Халықаралық және ресейлік ғылым-инженер бірлестіктердің Г.В.Шухов атындағы алтын медалімен (1992),
- әл-Хорезми атындағы халықаралық фестивальдің алтын медалімен (1994),
- Халықаралық инженер академияның күміс медалімен (1997) марапатталған.[1]
Дереккөздер
- ↑ Рахимбекова З.М. Материалдар механикасы терминдерінің ағылшынша-орысша-қазақша түсіндірме сөздігі ISBN 9965-769-67-2