Әңгіме, әдебиетте — оқиғаны қара сөзбен баяндайтын шағын көркем шығарма жанры.
Әңгіменің жанрлық ерекшеліктері оқиғаны баяндау тәсілі, композициялық, сюжеттік құрылысы, көркемдік жүйесі арқылы айқындалады. Әңгіменің көлемі шағын, кейіпкерлер саны аз, сюжет ұйытқысын құрайтын оқиғаның басталуы, шарықтау шегі мен шешімі болады. Онда адам, оның өмірі мен тағдыры, аса маңызды деген оқиға жинақы беріледі. Мұнда бір айтылған жайларға қайта оралуға, тәптіштеп баяндауға, ұзақ суреттеуге орын жоқ. Әңгіме жанры аз сурет арқылы көп жайды аңғарта білетін айрықша көркемдік шеберлікті талап етеді.
Оқиға көбіне бірінші жақтан баяндалып, әңгімешінің оқиғаға тікелей қатыстылығын көрсетеді. Б. Майлин, Ж. Аймауытов, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов тағы басқалары. Әңгімелері — қазақ әдебиетіндегі осы жанрда жазылған үздік шығармалар. Қазіргі әңгіменің бастаулары халық ауыз әдебиетінде жатыр. Сонау көне заманнан-ақ халық өзінің тұрмыс-салты, күнделікті тіршілігі жайлы ауызша әңгімелер туғызып отырған. Мұндай әңгімелер бір рет қана айтылып қоймай, әр жерде, жиын болған кезде айтылған да, ондағы оқиға бірте-бірте тұрақты сюжетке айналған. Сөйтіп, ауыз әдебиетіндегі дәстүрлі жанрға айналған. Жеке адамның басынан өткен оқиға ретінде айтылатын мұндай әңгімелерді халықаралық фольклортануда меморат деп атайды.[1]
Дереккөздер
- ↑ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл. ISBN 9965-26-096-6