Әлеуметтік психология

Әлеуметтік немесе қоғамдық психология (гр. psyche — жан және logos — сөз, түсінік, ілім) — әлеуметтік топтарға қосылуымен байланысты адамдардың қызметі мен пәнінің заңдылықтарын, сонымен қоса ол топтардың өздерінің рухани ерекшеліктерін зерттейтін жантану ғылымдарының саласы.

Әлеуметтік психология отбасының, ұжымның, таптың, ұлттың, тағы да басқа адамдардың тұрған жеріне, кәсібіне, қоғамдағы алатын орнына қарай жіктелетін топтарының психологиясын зерттейді. Әлеуметтік психология қоғамда болып жатқан саяси-әлеуметтік құбылыстардың сырын түсінуге, олардан қорытынды шығарып, қоғамның даму бағытын айқындауға, ірі топтарды және тұтас қоғамды басқаруға, бағыттарды, шараларды айқындай отырып, оны стратегиялы дұрыс жолға салып отыруға көмектеседі. Сондықтан ғалымдар бұл ғылымның болашағы зор, XXI ғасырда жетекші орындарға шығады деп есептейді.

Әлеуметтік психологияның негізгі бөлімдеріне мыналар жатады:

  • әлеуметтік топтардың психологиялық мінездемесі;
  • тұлға психологиясы;
  • ақпарат алмасу заңдылықтары және бірлескен қызмет үстіндегі адамдардың өзара әрекеттесуі;
  • түрлі қауымдастықтарда қалыптасатын тұлғааралық өзара қатынастар.

Әлеуметтік психология өзге ғылымдармен — социологиямен, педагогикамен, философиямен, саясаттанумен, мәдениеттанумен тығыз байланыста болады.

Социология қоғамның, топтың және жеке адамның құндылықтары мен нормаларының сипатын қарастырса, әлеуметтік психология сол адамдар өмір сүретін микро және макроортаның әсерін ескере отырып, олардың қалыптасуының нақты механизмдерін және тұлғаның дара ерекшеліктерін зерттейді. Егер социология тұлғаның әлеуметтік белсенділігінің түпкілікті қайнарларын ашатын болса, онда әлеуметтік психология олардың пайда болу жолдары мен заңдылықтарын қарастырады, белсенділікті мейлінше толық іске асырудың жағдайларын жасауға көмектеседі. Социология түрлі адамдар топтары мен қауымдастықтарының ішіндегі тұлғааралық байланыстардың әлеуметтік мәнін ашады. Ал әлеуметтік психологияны жеке адамның немесе жеке топтың қызметінен ол мәннің калай және қандай формаларда көрініс беруі, тұлғалық сапалықтардың қалыптасуына қалай әсер ететіні қызықтырады.

Әлеуметтік психологияның философия құрамында ұзаққа созылған даму тарихы бар; Батыста XVIII ғасырдағы ағартушылық кезеңде оған көбірек көңіл бөліне бастады.

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында әлеуметтік психология жеке ғылым саласы ретінде орнықты.

XX ғасырдың 20-жылдарынан бастап әлеуметтік психология АҚШ, Англия, Германия, Франция, Жапония сияқты дамыған елдердегі психология ғылымының жетекші бағытына айналды.

Әлеуметтік психология бұрынғы Кеңес Одағында да көп көңіл бөлінген. Кеңес билігі тұсында бұл ғылым жетекші салаға айналды. Кеңестік әлеуметтік психологтардың зерттеулерінде тұлға және ұжым мәселелері Батыстағыдай топ динамикасы заңдылықтарынан өзгеше бағдарда алынып, ерекше теориялық құрылғыда қарастырылды. Ұлттардың және өзге ірі әлеуметтік топтардың психологиясы зерттелді. Олардың арасында Қазақстандық ғалымдардың да үлесі болды.[1]

Әлеуметтік психологияның зерттеу объектісі

Ғылым саласы ретіндегі әлеуметтік психологияның зерттеу объектісіне мыналар жатады:

  • адамдар арасындағы ақпарат алмасу және өзара әрекеттесу заңдылықтары, атап айтқанда, қоғамдық және тұлғааралық қатынастар құрылымындағы жүздесудің рөлі, оның құрылымы, атқаратын қызметі, жүздесу үдерісінде әсер ету амалдары;
  • таптар мен ұлттар сияқты ірі және еңбек ұжымы мен отбасы сияқты шағын әлеуметтік топтардың психологиялық мінездемелері, бұған қоса ұжымшылдық, басқару және жетекшілік, топ болып шешім қабылдау, топ қызметінің тиімділігі сияқты үдерістерді зерттеу;
  • тұлғаның әлеуметтік психологиясы, оның коммуникативтік сапалықтарына талдау жасау, әлеуметтену мәселелері, әлеуметтік мақсаттардың қалыптасуы және ауысуы, т.б.[1]

Зерттеу салалары

Әлеуметтік психология көптеген зерттеу салаларын қамтиды. Олардың әрқайсысы адамның қоғамдағы мінез-құлқы мен әлеуметтік қатынастарын тереңірек түсінуге бағытталған:

Стереотиптер және кемсітушілік

Стереотиптер — белгілі бір топқа немесе адамға қатысты алдын ала қалыптасқан пікірлер. Олар адамдардың мінез-құлқына, қарым-қатынасына және шешімдеріне әсер етеді. Зерттеулер стереотиптердің қалыптасуы, олардың адамның көзқарастары мен әрекеттеріне ықпалы және оларды азайту жолдарына бағытталған. Сонымен қатар, кемсітушілік (дискриминация) және әлеуметтік әділетсіздіктің психологиялық аспектілері талданады.

Топтық процестер

Бұл салада адамдардың топ ішінде және топаралық қатынастардағы мінез-құлқы зерттеледі. Топтық динамика, лидерлік, топ мүшелерінің рөлдері, топішілік келісім мен қақтығыстардың себептері мен шешімдері қарастырылады. Сондай-ақ, шешім қабылдаудағы топтық ойлау және топ қысымына бейімделу процестері де зерттеледі.

Қарым-қатынас және коммуникация

Адамдар арасындағы ақпарат алмасу түрлері мен олардың қарым-қатынасқа әсері зерттеледі. Бұл салада вербалды (сөздер арқылы) және вербалсыз (дене тілі, бет әлпет, ым-ишара) коммуникацияның ерекшеліктері талданады. Адамның қарым-қатынас стилі мен оның қарым-қатынас сапасына әсері де зерттеу нысаны болып табылады.

Когнитивті диссонанс

Когнитивті диссонанс адамның өз пікірлері, сенімдері және әрекеттері арасындағы сәйкессіздіктен туындайтын ішкі қайшылықты білдіреді. Мұндай жағдайда адам психологиялық жайлылықты қалпына келтіру үшін өз пікірін немесе әрекетін өзгертуге бейім болады. Зерттеулер бұл құбылыстың шешім қабылдау, өзін-өзі ақтау және моральдық дилеммалардағы рөлін қарастырады.

Әлеуметтік ықпал

Басқа адамдардың жеке тұлғаға әсер ету процестері зерттеледі. Бұған конформизм (топ қысымына бейімделу), манипуляция, сендіру әдістері және басқалардың мінез-құлқын өзгертуге бағытталған стратегиялар жатады. Сонымен қатар, лидерлік, әлеуметтік нормалар және олардың адамның күнделікті өміріне әсері қарастырылады.

Негізгі теориялар

Әлеуметтік психология саласында адам мінез-құлқын түсіндіретін көптеген теориялар бар. Ең маңызды теорияларға мыналар жатады:

Когнитивті диссонанс теориясы

Леон Фестингер ұсынған бұл теория адамның өзінің сенімдері мен әрекеттері арасындағы сәйкессіздікке ұшыраған кезде психологиялық жайсыздық сезінетінін түсіндіреді. Мұндай жағдайда адам бұл сәйкессіздікті азайту үшін өз сенімдерін немесе әрекеттерін өзгертуге тырысады. Бұл теория шешім қабылдау, ұтымды ойлау және өзін-өзі ақтау процестерін түсінуде маңызды.

Конформизм теориясы

Соломон Аштың зерттеулері арқылы дамыған бұл теория адамның топтық қысымға сәйкес өз пікірін өзгертуге бейімділігін көрсетеді. Конформизм адамды әлеуметтік нормаларға бейімдеуде маңызды рөл атқарады, бірақ ол кейде жеке пікірлерден бас тартуға әкелуі мүмкін.

Әлеуметтік алмасу теориясы

Бұл теория адамдардың қарым-қатынастарын пайда мен шығын тұрғысынан талдайды. Теорияға сәйкес, адамдар өзара әрекеттерінде эмоционалдық, материалдық немесе басқа да пайда алу үшін шығындарын азайтуға тырысады. Бұл қарым-қатынастардағы теңгерімділіктің маңызды екенін көрсетеді.

Әлеуметтік оқыту теориясы

Бұл теория Альберт Бандураның жұмыстарына негізделген. Теория адамның мінез-құлқы басқа адамдарды бақылау және соларға еліктеу арқылы қалыптасатынын түсіндіреді. Сондай-ақ, күшейту мен жазалаудың адамның үйрену процесіндегі рөліне назар аударады.

Тұлғааралық тартымдылық теориясы

Бұл теория адамдар арасындағы жақындық, ұнату және қарым-қатынасқа әсер ететін факторларды зерттейді. Сыртқы келбет, ұқсастық, жақындық және әлеуметтік байланыстардың сапасы тұлғааралық қарым-қатынастың қалыптасуына әсер етеді.

Әлеуметтік психологияның бұл теориялары адамдардың қоғамдағы мінез-құлқы мен қарым-қатынасын түсінуде маңызды рөл атқарады және практикалық салаларда кеңінен қолданылады.

Дереккөздер

  1. a b Қоғамдық білім негіздері: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә.Нысанбаев, Ғ.Есім, М.Изотов, К.Жүкешев, т.б. - Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. ISBN 9965-33-570-2

Сыртқы сілтемелер

Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Social psychology (psychology)

Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!