Ұрпақ

Қазақ этносы үшін ұрпақтың маныздылығын А.Қайдар былай атап өтті: ... өмірге қазақ болып келіп, қазақ қауымында өсіп-өнген адам ағайын-тумалары мен жекжат-жұрағатына ыждағатпен қарағанмен, қашанда өз кіндігінен тараған ұрпағына өзгеше мəн бергені белгілі. «Ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырам» деп, шарқ ұрып, елін жаудан, есігін құрттан, малын жұттан сақтап, білек сыбана еңбек етіп келеді».

Ұрпақты біз үш түрлі, бірақ бір-біріне жақын мағынада түсіне аламыз.

  1. қазақтың дәстүрлі ғұрпы бойынша бір атадан өрбіп жалғасқан он атаға дейінгі туыстас үрім-бұтақ. Олар: әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, жүрежат, туажат, жекжат, жұрағат. Ата салты бойынша араға жеті ата толған соң, яғни ұрпақ жүрежатқа жеткеннен кейін “Жеті атаға толыстық, жеке ел болыстық” деп есептеген. Мұндайда екі ақ боз үй тігіліп, ақ боз бие құрбандыққа шалынып, ақсақалдардың бәтуасымен әр ауыл өз алдына енші алысқан. Осыдан кейін екі арада қыз алысып, қыз беріскен құдандалық қарым-қатынастар басталған;
  2. халықтың табиғи өсіп-өнуінде ата-ана, балалар, немерелер — туыстығы жалғасқан үш ұрпаққа жатады; әке мен бала, шеше мен қыз туған уақыт аралығы ұрпақтың ұзақтығы деп аталады (30 жылға жуық);
  3. демографияда — әдетте бір жыл бойына дүниеге келген адамдар; ұрпақтардың тұрғылас, қатарлас өмір сүруі, өзара қарым-қатынаста болуы халықтың өмір жасының құрылымын құрайды.
  4. Ұйым қызметіне тікелей немесе жанама әсер ететін физикалық, әлеуметтік, Ұйымдастырушылық және экономикалық шарттардың жиынтығы.[1]

Қазіргі қазақ тілінде ұрпақ сөзі көп мағынаны береді. Мәселен, Қазақ әдеби тілінің 15 томдық сөздігінің 14 томында алты түрлі мағынасын атаған: Бірінші мәні – ұрпақ нақты адамның отбасы. Екінші мағына – келесі ұрпақ. Егер бірінші мағынада аке және оның балалары туралы айтылса, мұнда жалпы акелер және балалар ұрпақтары туралы айтылып тұр. Үшінші мәні – өмір жалғасы, болашағы. Біз үшін ұрпақ сөзінің мәні тек семантикалық құрылымында басты болып келмейді, барлық концептердің блогында: бесік, ұрпақ, бала, ұл, қыз, бірігіп "ұрпақ" мағынасын береді. Қазақтар үшін, ұрпақ - өмірдің жалғасы, мәңгілік өмірді қамтамасыз ету. Сондықтан қазақтар үшін өмірдің мәні, балаларды дүниеге әкеліп, лайықты тәрбие беру. Тұжырымдап келгенде ұрпақ концептінің құндылығы осы мағынаға негізделеді және басқада бірқатар концептердің құрамдас бөлігіне кіреді. Яғни, «туыстық» концептісінің мағынасы келесі ұрпақты тәрбиелеу. Төртінші мағынасы - халық. Осы мағынаға мысал ретінде Т. Молдағалиевтің мынадай өлең жолдары келтірілген.

Соққанда қуаныштың желі бұрқап, 
Жарқырар ұлы Абайдың елі шырқап, 
Үлкендер бір жиындарда ақыным деп 
Еске алар шапағатпен мені де ұрпақ. 
                    (Т. Молдағалиев. Шақырады)

Біздің ойымызша, мұнда "халық" деген сөзді емес, бізден кейінгі бақытты өмір сүретін ұрпақ мағынасын білдіреді. Өйткені “халық” сөзі – ұрпақ мағынасына қарағанда, тұрақты ұғым. Бесінші мәні – балалар. Бұл мән басқалармен салыстырғанда нақты бірінші ұрпақ мағынасын білдіреді. Иллюстративті материал осы сөздерді растайды.

Ұл-қыздарың – ұрпағың, 
Еркелеп өссін қасыңнан. 
Атағың артсын, қарағым. 
Қол үзбей тату досыңнан. 
              (К. Əзірбаев)


Ұрпақ сөзі басқа сөздермен жалғасып фразеологизм құрап мағынасы ауысады. Мысалы: жаңа ұрпақ, жас ұрпақ, сан ұрпақ.

Мұның бəрі арман ғой қанат талар, 
Алыс емес күнім де аяқталар. 
Тар кезеңде тартыншақ болғаныма 
Келетұғын жас ұрпақ аяп қарар. 
                    (Т. Молдағалиев. Шақырады) 

Осы тұрғыда жас ұрпақ концептісінің жаңа мағынасы ашылады. "Ұрпақтар – өмір мен ата-баба ісіне шынайы бағасын беретін адамдар." Келесі мысалда жас ұрпақ фразеологизмі мүлде басқа мағынада айтылады: Ежелгі Оғыз елінің көне қонысына дихангершілік қайта келді, күнге шағылған батыр кетпеннің жарқылы сол: бұл аудан бақ айналып, береке дарыған, салтын сақтаған ел атанды. Ең ғанибеті, өмірдің өзіне қарсы жүзетін жас ұрпақ өсіп жетілді. (Д. Досжанов. Дария). Келтірілген мысал жас ұрпақ фразеологизмінің жаңа бағытын ашып тұр “жас ұрпақ – міндетті түрде өмірге жаңа леп, жаңа идеялар, өзгерту, т. б. енгізеді” қазақтар, бір жағынан, салт-дәстүрлер сақтауы мен сабақтастығын жақтайтын, бір жағынан, өмір сүру салтында міндетті түрде өзгеріс болатынын түсінген, өйткені, тек дәстүрлі және жаңа инновациядардың үйлесімділігі дамудың кепілі болып табылады.

Ұрпақтан ұрпаққа жалғасу фразеологизмінде ұрпақ сабақтастығын жүзеге асыру шарттары айқын көрінеді.

Ұрпақтан-ұрпақ алып жалықпастан, 
Сондай бір дəстүр барды қалыптасқан. 
Заманнан заман өткен, жаңарған жұрт, 
Аққуын айдын көлдің налытпастан, 
Дəстүрін аттамаған, анық басқан. 
Сондай бір дəстүр барды жарық шашқан, 
Бір ұрпақ бір ұрпаққа алып қашқан.  
                         (М. Мақатаев. Шығармалары) 

Қазақтардың дәстүрлі мәдениетінде ұрпақ болмауы өмірдің мағынасынан айырған қайғы ретінде қабылданады. Бұл ұрпағы жоқ, ұрпақ қалдырмады фразеологизмде анық көрінеді.

-Уа, мен Анамын, 
Өмірге ұрпақ қалдырмай, 
Өлімге қалай барамын... 
Жанын қалдырыңдар баланың! 
                 (М. Мақатаев. Шығармалар)

Және, керісінше, адам ретінде қазақтардың өмірлік мақсатын ұрпақ өсіру, ұрпақ қамын ойлау, ұрпақ тарату тұрақты сөз тіркестерінде көрсетеді. Бұл келесі Ж. Жақыпбаевтың мысалында көрінеді.

Торлама əжім түсірсе күндер ажарға, 
Тосқауыл бар ма араны жаман ажалға? 
Өсіріп ұрпақ, өткеріп барлық міндетін; 
Өтеді ана, кетеді ана мазарға. 
                         (Ж. Жақыпбаев. Лейля) 

Ұрпақ жоғалту фразеологизімінің мәні " халықтың, этностың ұрпағынан айырылуы". Мұнда қазақ тілін, ділін білмей, халық менталитетінен алыс, басқа халықтардың ықпалында тәрбиеленген балалар туралы айтылып отыр. Демек, қазақтар үшін осы фразеологизмде бейнеленген ұрпақтардың сабақтастығы міндетті түрде тіл, мәдениет, психология, менталитет, салт-дәстүр, әдет-ғұрып аспектісінде көрінеді. Мұндай байланыстың жоқтығы осы ұрпақтардың этникалық жүйеден алыстауын білдіреді. Фразеологизмнің өзі қазіргі қазақ қоғамында орын алып отырған құбылыс және ол өте ауыр әсер етеді, өйткені халықтың ұрпақтан айырылуы мағынасын береді.

Фразеологизмдердің талдауы ұрпақ сөзінің мағынасын жаңа жағынан көрсетті.

- ата-бабаларымыздың  өмір салтын объективті бағалауы;
- жаңа леп, идеялар, өзгерістер енгізу;
- міндетті түрде тілін, мәдениетін, ділін, салт-дәстүрін, тарихын білу.
- өскелең ұрпақ тәрбиелеу тұрақты назарды және күшті талап етеді.

Дереккөздер

  1. Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет. ISBN 9965-822-10-7

2. Ахметжанова З.К.,Ерназарова З.Ш. Казахская лингвокультура: язык, человек, этнос. «Издательство Елтаным» Алматы 2016. – 179 бет

Сілтемелер

"Қазақ Энциклопедиясы", 9 том

Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!