Құндылық

Құндылық – бұл бір нәрсенің маңыздылығы, мәні, пайдасы немесе пайдалығы. Сырттай қарағанда, құндылық заттың немесе құбылыстың қасиеті ретінде көрінеді. Алайда, маңыздылық пен пайдалылық олардың табиғи немесе объектінің ішкі құрылымына байланысты емес. Олар адамның қоғамдық өмір саласына тартылған белгілі бір қасиеттеріне субъективті баға беру болып табылады. Бұл қасиеттерге адам қызығушылық танытады немесе мұқтаждық сезінеді.

Құндылықтар жүйесі – бұл ұсынылған және тыйым салынған сенімдер жиынтығы; олар адамның этикалық мінез-құлқына әсер етеді немесе оның саналы әрекеттерінің негізі болып табылады. Ол адамның заттық және әлеуметтік шындығында күнделікті бағыт-бағдар ретінде қызмет етеді, оның айналасындағы заттар мен құбылыстарға деген түрлі практикалық қатынасын белгілейді. Мысалға, стақан сусын ішу құралы ретінде өз пайдалы қасиетін тұтыну құны ретінде, материалдық игілік ретінде көрсетеді. Еңбек өнімі және тауар айырбастау заты бола отыры, стақан экономикалық құндылық, құн ретінде болады. Егер стақан өнер заты болса, онда ол қосымша эстетикалық құндылыққа, яғни көркемдікке ие болады.[1]

Этика және әлеуметтік ғылымдарда құндылық қандай іс-әрекетті жасаған дұрыс немесе қандай жолмен өмір сүрген дұрыс екенін анықтау (нормативті этика) немесе әртүрлі әрекеттердің маңыздылығын сипаттау мақсатында қандай да бір нәрсенің немесе әрекеттің маңыздылық дәрежесін білдіреді. Көбінесе бастапқы құндылықтар күшті, ал екінші дәрежелі құндылықтар өзгерістерге бейім келеді. Әрекеттің құнды болуына, өз кезегінде, оның әсер ететін, көбейтетін, азайтатын немесе өзгертетін объектілердің этикалық құндылықтары әсер етуі мүмкін. «Этикалық құндылығы» бар нысанды «этикалық немесе философиялық игілік» (зат есімдік мағынада) деп атауға болады.[2]

Философиялық құндылық

Құндылық — объектінің жағымды немесе жағымсыз жақтарын білдіретін философиялық-социологиялық ұғым.

Құндылық ұғымы (грекше аксиос) антикалық стоицизмде ерекшеленеді. Құндылық белгілі бір құбылыстың субъективті маңыздылығын (пайдалылығын) білдіреді. Сонымен қатар, жақсылық немесе игіліктен айырмашылығы, құндылық жалған сипатқа ие болуы мүмкін еді.[3] Стоиктер үшін құндылыққа қарама-қарсы ұғым адиафора (бейтарап, мәнсіз) болды.

Ежелгі филосиялық көзқарастарда құндылықтың әр түрлі көріністеріне жататын және табиғи, қоғамдық құбылыстарды, адамның іс-әрекетін бағалауда пайдаланылатын сұлулық, қайырымдылық. мейірімділік секілді этикалық және эстетикалық ұғымдар қолданылды. Құндылық объектінің адам үшін қаншалықты маңызды екендігін айқындайды. [3]Философия тарихында құндылық көрінісінің заңдылықтары туралы жалпы түсінік 19 ғасырдың ортасында неміс философиясында зерттелді. Құндылық ұғымына тұңғыш филосиялық анықтаманы Р. Лотце мен Г.Коген берді. Фридрих Ницше құндылықтарды қайта бағалау идеясын жариялады, құндылықтарды (Werte) өмірге бағдар ретінде түсінді.[4] Антикалық стоицизм жағдайындағыдай, құндылықтар субъективті немесе мәдениетке байланысты сипатқа ие болды. Құндылықтардың жоқтығы нигилизм жағдайын сипаттайды. Ницшенің еңбектерінің ықпалымен философияда құндылық ұғымы кең таралды. Құндылықты ақылға қонымды ерік-жігердің реттеушісі ретінде терең зерттеуді Бадендік неокантшылдық мектеп қолға алды. Атап айтқанда, Генрих Риккерт шындық, сұлулық, қасиеттілік, бақыт және мораль сияқты құндылықтарды атап өтті. Құндылықтың көрініс табу формасы – норма болып табылады.[5]

Ол пәндік және субъективтік деген екі бөліктен тұрады. Пәндік және субъективтік құндылық — адамның дүниеге қатынасының екі жағы, біріншісі — оның объектісі, екіншісі — субъектісі. Сондықтан пәндік құндылық баға берудің объектісі, ал субъективтік құндылық олардың өлшемі мен әдісі болып табылады. Пәндік құндылыққа заттардың табиғи қажеттілігі, өнімнің өзіндік құны, әлеуметтік игілік, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұралар, ғылыми ақиқаттың теориясы маңызы мен тәжірибелік пайдасы, адамдардың іс-әрекетіндегі жамандық пен жақсылықтың іске асуы, табиғи және қоғамдық объектілердің эстетикалық қасиеттері жатады.

Санадағы құндылық ұғымына қоғамдағы ойлау мен бағалау, мақсат және оған жетудің жолдары, қоғамда кездесетін түрлі нормалар жатады. Құндылықтар өмірге, еңбекке, шығармашылыққа, адам өмірінің мәніне, т.б. баға беру қатынасынан тұрады. Құндылықтар қоғам үшін ең маңызды деген әдет-ғұрыптар, нормалар мен мән-мағыналар қызметін өзіне бағындырады және реттейді. Құндылықтар адам мүддесінің объектісі бола тұра, әлеуметтік, заттық ортадағы күнделікті тіршілікте бағыт беру рөлін атқарады. Адам өзін қоршаған заттық және рухани әлемді құндылықтар арқылы бағалайды. Оның шынайы өмірге құндылықтық қатынасы тек сана негізінде болуы мүмкін. Құндылықтық сана заттың біз үшін қаншалықты бағалы, оның құндылығы неде екенін зерттейді.

Философиялық құндылықтар

Құндылық - мәдениеттің құрамдас бөлігі. Мәдениеттің құрамдас бөлігі болуы себепті құндылық адамдардың өзін ұстауын реттейді, олардың шынайы тәртібін айқындайды. Мәдениет құндылықтары, тиісінше, материалдық және рухани болып бөлінеді. Құндылықтардың мазмұны қоғамның мәдени жетістіктерімен шарттастырылған. Құндылықтар әлемі, сөздің кең мағынасында, мәдениет әлемі деген сөз. Ол адамның рухани қызмет аясы, оның санасының дұрыстығын айғақтаушы, адамның рухани байлығының елшеуіші іспетті. Құндылықтарды мүдделердің қарапайым жалғасы немесе бейнеленуі ретінде қарастыруға болмайды. Олар салыстырмалы өзінділікке ие.

Экономикадағы құндылық

Экономикада экономикалық құндылық – бұл тауар немесе қызмет экономикалық агентке әкелетін пайданың өлшемі, ал ақшаға шаққандағы құндылық – осындай пайданы қамтамасыз ету үшін қаржылық немесе басқа ресурстардың тиімді пайдаланылғанын бағалауды білдіреді. Экономикалық құндылық әдетте ақша бірліктермен өлшенеді, сондықтан бұл тұрғыда оны: «адам тауар немесе қызмет үшін төлеуге дайын және қабілетті ең жоғары ақша сомасы қанша?» деп түсіндіруге болады. Ақшаға шаққандағы құндылық көбінесе салыстырмалы түрде көрсетіледі, мысалы, «жақсырақ» немесе «ақшаға шаққандағы ең жақсы құндылық» ретінде,[6] бірақ сонымен қатар, ол абсолютті түрде де көрсетілуі мүмкін, мысалы, мәміле ақшаға шаққандағы құндылықты қамтамасыз етеді немесе қамтамасыз етпейді деген баға беру.[7]

Экономикалық теорияның бәсекелес мектептерінің арасында құндылықтың әртүрлі теориялары бар.

Австриялық мектептің өкілдері құндылықты адам қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін нақты тауарлар немесе игіліктердің белгілі бір мөлшерінің маңыздылығы ретінде түсіндіреді. Адам затқа тәуелділігін қаншалықты көбірек түсінсе, оның құндылығы соғұрлым жоғары болады. Құндылық құбылысы экономикалық игіліктердің табиғаты сияқты қажеттілік пен мөлшер арасындағы өзара байланыстан туындайды. Шексіз мөлшерде бар игіліктер (мысалы, ауа, су және т. б.), яғни экономикалық емес игіліктер, құндылыққа ие емес. Тек адамның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткіліксіз мөлшерде бар игіліктер ғана құндылықты білдіреді.[8] Құндылықты пайдалылықтан ажырата білу керек. Пайдалылық – бұл заттың адам қажеттіліктерін қанағаттандыруға жарамдылығы. Экономикалық емес игіліктер де, экономикалық игіліктер сияқты, қажеттіліктерді қанағаттандыру қабілетінің арқасында пайдалы болып табылады. Алайда, қажеттіліктерді қанағаттандыру экономикалық игіліктердің нақты мөлшеріне байланысты. Осы себепті тек сол игіліктер құндылық мәніне ие болады.[8]

Экономикалық құндылық нарықтық бағамен немесе нарықтық құнмен бірдей емес. Егер тұтынушы белгілі бір тауарды сатып алуға дайын болса, бұл оның сол тауарға нарықтық бағадан жоғары құндылық беретінін білдіреді. Тұтынушы үшін құндылық пен нарықтық баға арасындағы айырмашылық «тұтынушы артықшылығы» (consumer surplus) деп аталады.[9] Көптеген жағдайларда нақты құндылықтың нарықтық бағадан әлдеқайда жоғары екенін көруге болады: ауыз суды сатып алу бір мысал.

Шынайы және алдамшы құндылықтар

Адамның өзінің солай деп таңдауына орай, құндылық қашанда белгілі бір қанағаттанарлық нәрсені білдіреді. Ал материалдық және рухани қажеттіктердің өтелуі тұрғысынан құндылықтардың бәрін қанағаттанарлық категорияға жатқызуға болмайды.[10]

Адамдардың немесе әлеуметтік топтардың қажеттіліктері, мүдделері жөне талғамдары әр түрлі болады. Сондықтан барлық құндылықтар салыстырмалы. Құндылық қатынас қанағаттанарлық немесе қанағаттанғысыз болып келуі мүмкін. Біреу үшін мынау, екінші үшін анау құнды. Олардың қайсысынікі дұрыс, қайсысы қателесіп тұрғанын релятивистік тұрғыдан оны ажыратып жатуда мағына болмайды. Шынайы деп — адамға пайда әкелетін, оның санасына жоғары адамдық қасиеттерді сіңіретін, адамдардың бақыты мен игіліктілігін қамтамасыз ететін, адамның тұрғасын ажарландыратын, адаммен қоғамның ілгерілей дамуын қамтамасыз ететін құндылықтарды айтқан жөн. Алдамшы құндылықтарға жеке индивидтер құндылық деп қабылдағанымен, шынында, қоғамның дамуына септігін тигізбейтін, оны кері кетіретін, адамды аздыратындарды айтамыз.[11][12]

Құндылықтар жүйесі

Құндылықтар жүйесі – бұл этикалық немесе идеологиялық тұтастықты қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылатын үйлесімді құндылықтардың жиынтығы. Қоғамда қалыптасқан нормалар оның құндылықтар жүйесінің ең жоғары көрінісі болып табылады (яғни, жақсы, дұрыс немесе қалаулы деп саналатын нәрселер туралы басым көзқарастар). Құндылықтар мен нормалар ұғымдары бір-бірінен ерекшеленеді. Құндылықтар – бұл абстрактілі, жалпы ұғымдар, ал нормалар – адамдардың белгілі бір жағдайларда қалай әрекет етуі керектігін көрсететін ережелер немесе мінез-құлықтың басшылық түп-негіздері. Қоғамда қалыптасқан құндылықтар жүйесі маңызды рөл атқарады, себебі ол нормалардың мазмұнына әсер етеді. Барлық нормалар әлеуметтік құндылықтарды көрсетеді. Қоғамда қалыптасқан нормалар арқылы оның құндылықтар жүйесін бағалауға болады.

Қоғамның, топтың немесе қауымдастықтың мүшесі ретінде жеке тұлға жеке құндылықтар жүйесіне және қоғамдық құндылықтар жүйесіне бір уақытта ие бола алады. Бұл жағдайда екі құндылықтар жүйесі (жеке және қоғамдық) өзара қайшылықтар немесе белгілі бір жағдайлардан ерекшеліктер болмаса, сырттай үйлесімді болып саналады.

Құндылықтарға мыналар жатуы мүмкін:

  • Денсаулық
  • Махаббат, отбасы, балалар, үй
  • Жақындар, достар, қарым-қатынас
  • Жұмыста өзін-өзі жүзеге асыру, жұмыстан рақат алу
  • Материалдық жағдай
  • Рухани құндылықтар, рухани өсу, дін
  • Бос уақыт — көңіл көтеру, хобби, ойын-сауық
  • Шығармашылық өзін-өзі жүзеге асыру
  • Өзін-өзі дамыту, білім алу
  • Әлеуметтік мәртебе және қоғамдағы орны
  • Бостандық (таңдау еркіндігі, сөз бостандығы және т.б.)
  • Тұрақтылық

Сонымен қатар, басқа құндылықтар да болуы мүмкін. Әртүрлі адамдардың құндылықтарға қатысты басымдықтары әртүрлі.

Зерттеуші Полина Гаджикурбанова атап өткендей, стоицизмде даналарды қарапайым адамдармен салыстыра отырып, былай делінген: «Қарапайым адам заттарға олардың табиғатынан артық құндылық береді, яғни оларды жақсылық пен жамандық туралы өз қате түсініктерімен байланыстырады. Нәтижесінде, ол өзіне жақсылық болып көрінген нәрсеге — денсаулыққа, атаққа, байлыққа олардың өздері үшін ұмтыла бастайды, бірақ бұл ұмтылысында табиғи өлшемнен асып кетіп, өз құмарлықтары мен қате түсініктерінің тұзағына түседі».[13]

Басқаша айтқанда, құндылықтар белгілі бір шектен асқанда, өз мағынасын жоғалтып, қарсы құндылықтарға айналуы мүмкін деген нәзік шекара бар. Алайда, бұл белгілі бір мәдениеттің өкілдерінде базалық құндылықтар мен қарсы құндылықтардың бар болуына қайшы келмейді. Бұл бізге оларды ұлттық және мәдени ерекшеліктері бар психолингвистикалық объектілер ретінде сипаттауға мүмкіндік береді.[14]

Ұлттық құндылықтар

Әлеуметтік-тарихи тәжірибе әрбір жаңа ұрпақ өз халқының өткен тәжірибесін қайта ойлап, ұлттық дамудың мақсаттары мен міндеттерін айқындауымен қатар, оның перспективаларын тұжырымдап, нақты уақытта ұлтқа тән саяси, идеологиялық, экономикалық, мәдени бағдарларды, қазіргі заманғы әлемге сәйкес ұлттық сана-сезімді қалыптастыратынын көрсетеді. Бұл процесс ұлт тарихының аса күрделі, сыну кезеңдерінде қарқынды жүреді. Ұлттық сана-сезім ұлт пен адам ретінде, осы қауымдастықтың мүшесі ретінде сипатталатын маңызды фактор болып табылады. Жеке тұлға өзін ұлттың ажырамас бөлшегі ретінде сезіне отырып, өз халқының тарихын, ұлттық құндылықтарды (жазу, ұлттық тіл, рухани мәдениет пен тағы басқа жетістіктері), ұлттық менталитет, халықтың әлемдік мәдениет қазынасына қосқан үлесін бағалап, оның дамуына ықпал етеді. Ұлттық сана-сезімнің дамуы индивидтің өз ырымдарын, дәстүрлерін, яғни этникалық тамырын білуімен байланысқан, сонымен бірге осы үдерісте адамгершілік жалпыадамзаттық құндылықтарды тану маңызды. Яғни, ұлттық сана-сезімді дамытудағы маңызды тарап ондағы этностық, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың арақатынасы болып табылады. Жеке тұлғаның ұлттық сана-сезіміне өзінің ұлттық қатыстылығы туралы субъектіні таныстыру, өзінің этникалығын позитивті қабылдау, ұлттың тарихи өткеніне, оның бүгіні мен болашағына деген көзқарас, ана тілін меңгерудегі белсенділік, халық мәдениетін зерделеудегі белсенділік, ұлттық мүдделер мен құндылық бағдарларын ұғыну және қабылдау, басқа да этникалық қауымдастықтарға қарым-қатынасты қалыптастыру, оның аумақтық тұтастығын сақтауға дайындық, оның байлығын арттыруға ұмтылу кіреді.

Ұлттық құндылықтар – олардың тарихи өзіндік ерекшелігі Отан, тіл, тарих, өнер, әдебиет және тағы басқалар сияқты көрініс тапқан қандай да бір этностық қауымдастық өкілдерінің рухани идеалдарының жиынтығы.

Әр ұлттың дүниетанымы, ойлау түрі, темпераменті, ұлттық санасы және т. б. белгілі бір жолмен үйлеседі. Жалпыадамзаттық құндылықтар ұлттық құндылықтарға да тән орнықтылық және тұрақтылықпен сипатталады. Ұлтқа және жеке тұлғаға қатысты менталитет бастапқыда әдеттегі-эмоционалды түрге ие болды деп айтуға болады, тек экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуға негізделген құндылықтардың пайда болуымен ғана ол көп қырлы дүниетанымдық сипатқа ие болады. Ұлттық менталитет адамның рухани және материалдық құндылықтарын тарихи іріктеу нәтижесінде қоршаған әлемге қарым-қатынас жүйесінде көрініс табады.

Жалпыадамзаттық құндылықтардың бір бөлігі ретінде ұлттық құндылықтар - құлық пен құндылықтар түрінде оң тәжірибені сақтаушы ұлттың өзін дамыту шарасы болып, индивид пен этнос өмірінің дербес факторы болып табылады. Қоғамдық қатынастардың нақты жұмыс істеуі оның деңгейіне байланысты. Ұлттық және әмбебап жалпыадамзаттық құндылықтар ұлт субъектісінің қоршаған шындыққа деген шығармашылық қатынасын көрсетеді. Адам өзін-өзі тануға, өзін-өзі жетілдіруге, белгілі бір этнос өкілі ретінде өзін-өзі дамытуға қабілетті жарқын даралық ретінде жасайды.

Дереккөздер

  1. Философский словарь Под ред. И.Т. Фролова. - 4-е изд.-М.: Политиздат, 1981. - 445 с.
  2. Vuong, Quan-Hoang (2023). Mindsponge Theory. De Gruyter. ISBN 9788367405140.
  3. a b Аванесов С. С.К истокам философского учения о ценности: аксиология стоицизма
  4. Савоськина А. М. Понятие «Ценность» в работах М. Хайдеггера и Ф. Ницше
  5. Спешилова Е. И. Ценностные основания познания в философии баденской школы неокантианства
  6. Department of Finance (Northern Ireland), Definition of best value for money endorsed by the Northern Ireland Executive on 22 March 2011, accessed 8 December 2023
  7. BBC News, Ferry to be built at Ferguson yard despite not being 'value for money'
  8. a b Менгер К. Избранные работы. — М.: Издательский дом «Территория будущего», 2005. — 496 с. — (Экономика). — ISBN 5-7333-0175-9.
  9. Robert B. Ekelund, Jr., and Robert F. Hkbert. Consumer surplus: the first hundred years. History of Political Economy 17:3. 1985 by Duke University Press. CCC 00 18-2702/85
  10. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8
  11. Қоғамдық білім негіздері: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә.Нысанбаев, Ғ.Есім, М.Изотов, К.Жүкешев, т.б. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006 жыл. ISBN 9965-33-570-2
  12. Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет. ISBN 9965-822-10-7
  13. П.А.Гаджикурбанова От Киносарга к Портику ИСТОРИЯ МОРАЛЬНОЙ ФИЛОСОФИИ. Электронная библиотека
  14. Вашунина И. В., Дронов В. В., Ильина В. А., Маховиков Д. В., Нистратов А. А., Нистратова С. Л., Ощепкова Е. С., Тарасов Е. Ф. Базовые ценности носителей русской культуры — М.: 2019. — 550 с. ISBN 978-5-604-11173-4

Сілтемелер

Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!