Қауам әд-Дин әл-Фараби, Қауам ад-Дин Әмір Катиб бин Әмір Умар әл-Әмид әл-Итқани әл-Фараби (т.ж.б., Отырар қаласы — 1358, сонда) — діни қайраткер. Ислам діні ғылымында беделді еңбек саналатын "әл-һидия" ("Басшылық", авторы - Бурһан ад-Дин әл-Магинани) шығармасына "Ғаййа ол-байан уа надира аз- заман фи-ахар әл-ауан" ("Түсіндірменің түпкі мақсаты және заманақырдағы дәуір жетістігі") деп аталатын түсіндірме жазған. Қолжазба 9 тараудан тұрады. Алғашқы тарау "Китаб ат-Таһара" ("Дәрет алу") деп басталып, "Китаб әл-Итақ" ("Босату") деген тараумен аяқталған. Қолжазба 1364 жылы көшірілген. Осы қолжазба нұсқаларындағы алғы сөзде автор 1321 жылы Мысырлық бір адаммен ғылымның салалары жайында әңгіме-дүкен құрғандығын, соңынан әлгі кісінің Бурһан ад-Дин әл-Маргинанидің "һидаясына" түсіндірме жасауды өтінгенін айтады. Ол осы еңбегінде "һидаяға" өзінен басқа қазақ даласының ортағасырлық перзенті әл-Кердеридің де түсіндірме жазғанын айтып өтеді. Қауам әд-Дин әл-Фараби еңбегі әлі толық зерттелмеген. Бізге жеткен нұсқасы Ташкенттің қолжазба институты мен Ресей FA Шығыстану институтының қолжазба корында сақтаулы.[1]
Дереккөздер