Батыс Алаш орданың белсенді мүшелерінің бірі, халық мұғалімі Қарасай Қодаров 1898 жылы Гурьев уезі, Қаракөл болысы, Тасшағыл ауылында орта дәулетті отбасынан шыққан. 1953 жылы қайтыс болған.
Қаракөлдегі бір сыныптық болыстық орыс-қазақ мектебін (1906), Гурьевтегі екі сыныптық қазақ-орыс Романов училищесін (1908) бітірген. Орынбор қаласындағы орыс-қазақ мүғалімдер мектебін үздік тамамдады (1914-1915). Ақтөбе уезіне қарасты Алтықарасу болыстық мектебінде мұғалім болды.
1916 жылы қазан айында Түркістан генерал-губернаторлығы мен Ресей жер комитеті майдандағы тыл жұмысына алынған қазақ жігіттеріне басшылық жасау үшін қазақ зиялыларын мыңбасылық, жүзбасылыққа шақырды. Осыған орай М.Есполов, Т.Шонанов, М.Жолдыбаев т.б. сауатты қазақ жастарымен бірге осы қызметке Қодаров та барды.
1917 жылы қыс, көктем айларында батыс майданындағы жұмыс қостарында мыңбасы болып, қазақ жұмысшыларының мұң-мұқтажын тиісті орындарға дұрыс жеткізу, жігіттерді ұлттық тағаммен қамтамасыз ету т.б. міндеттерді орындады. Орынборда А. Кенжин құрған «Еркін дала» мәдени-ағарту ұйымының қызметіне араласып, Орынбордағы мұғалім кеңесіне әзірлік жұмысына қатысты.
1918 жылы мамырдағы 4-Орал облыстық қазақ сиезіне қатысушы. Ойыл уәлаяты үкіметінің, кейін Алаш орданың Батыс бөлімшесі үкіметінің құрамында жергілікті басқару органдары - болыстық, уездік және облыстық жер басқармалары бойынша оқу-ағарту жұмыстарын жүргізу ісін үйлестіріп отырумен айналысты. Ойыл өңірі мен Орал, Орынбор қалаларында оқып жатқан Ойыл уәлаяты студенттерінің земстволар тарапынан уақтылы стипендиямен қамтамасыз етілуін, оқуды үзіп алмауын, олардағы пансиондардың жабылып қалмауын қадағалады. Орал Войско үкіметімен, Комуч, Сібір Уақытша үкіметімен осы мәселелер бойынша байланыс жасады. Осы жылдары майдан асты отырған елдегі ауылдық-болыстық мектептердің жабылып қалмай, халықты сауаттандыру ісін жалғастыра беруі, жер мекемелері тарапынан көзделген қор, қаржының уақтылы бөлінуі, оқу құралдарымен жабдықталуы, бұрынғы орыс-қазақ мектептерінің миссионерлік бағыттан ұлттық тағылым мұратына ойысып, сабақты ана тілінде жүргізу, осы міндеттердің үдесінен шығу үшін уәлаяттағы М.Жолдыбаев, С.Бекболатов, Т.Өтеулиев, М.Шолақов, Ғ.Нығмаділов, Ж.Бейісқалиев, Е.Байтақов, Ж.Нияров тәрізді білікті халық мұғалімдеріне жағдай жасау ісі Қ.Қодаровтың есімімен байланысты.
Батыс Алаш орда таратылғаннан кейін ол Орынборда Қазәсревкомның Халық ағарту бөлімінің, Қазақ өлкелік Халық ағарту комиссариатының қазақ мектептері секциясының қызметкері (1920-1921 ж.) болды. Жабдықтау бөліміне 540 сом төлеп, жиырма фунт майшабақ алғаны архивте хатталған. Осындай тұрмыс қиыншылығынан және негізгі мамандығы бойынша жұмыс істеу ойымен 1922 жылы елге қайтып, өзі оқыған Қаракөл мектебінің меңгерушісі болып істеді. 1920-1930 жылдары Жымпиты уездік атқару комитетінің халық ағарту бөлімінің, Гурьев округтік халық ағарту бөлімінің, Орал облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі болды.[1]
Зайыбы Жамал екеуі Асқар, Қанапия, Софья есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Қыздары Орал қаласында тұрады. Асқар Қарасаев Батыс Қазақстан облысы, Бөрілі аудандық партия комитетінің 2-хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы болып істеді.[2]
Дереккөздер
- ↑ Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2002 жыл. ISBN 9965-607-02-8
- ↑ «Алаш» қозғалысы. Алматы, 2008. ISBN 9965-32-715-7
Сыртқы сілтемелер