Қалжан Қоңыратбайұлы

Қалжан Қоңыратбайұлы Қоңыратбаев - (18.4.1877, бұрынғы Сырдария губерниясы Ақмешіт уезі Шиелі болысы, Керделі ауылы – 23.7.1940, Хабаровск өлкесі, Советская Гавань, Амурлаг) – қоғам қайраткері, ағартушы, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы.


Қарнақ медресесін, түземдік орыс мектебін бітірген. 1914 – 15 жылдары Керделіде мектеп ашып, “Ғалия”, “Хұсние” медреселерінің түлектерін ұстаздыққа шақырып, ауыл балаларын оқытқан. 20-жылдары Ә.Диваевпен бірге Сырдария, Жетісу өлкелеріне фольклорлық экспедиция ұйымдастырды.

1924 жылы Сырдария губерниясының атынан ТүркЦИК, 1925 жылы Кеңестердің 5-съезінде КазЦИК мүшесі болып сайланған. 1924 – 26 жылы Ақмешіт уезі 3-бөлімшесінің халық соты, "Бірлік туы", “Қазақ”, “Айқап”, "Қазақстан басылымдарының Сырдария губерниясындағы арнаулы тілшісі болды. Осы басылымдарда өлке тарихы, оқу-ағарту мәселелері жайында мақалалар жариялады. 1917 жылы 5 қаңтарда Түркістанда өткен Алашорда съезінде Ресейден бөлінуді қолдап сөз сөйледі.

“Пайғамбар заманы” хикаясын бастырып шығарды, "Қазақ" газетінде атақты Иманжүсіп туралы алғаш очерк жариялады. 30-жылдары “Қой туралы”, “Түйе тұқымын асылдандыру туралы”, т.б. еңбектері жарық көрді.

1937 жылы 30 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан НКВД-сы “алашордашыл” ретінде ұстап, аты-шулы 58-баптың бірнеше тармақтары бойынша 10 жылға кесілген. 1940 жылы Советская Гавань қаласының маңындағы №22 Амурлагте қайтыс болған. 1993 жылы толық ақталған.[1][2]

Шығармалары

  • Пайғамбар заманы, оқулық. Орынбор, 1915;
  • «Қазақ» туралы. Өлең. Айтыс. Өлең. Қой туралы. А., 1932;
  • Түйе тұқымын асылдандыру туралы. А., 1934.

Дереккөздер

  1. Қазақстан жазушылары: Анықтамалық/Құрастырушы: Қамшыгер Саят, Жұмашева Қайырниса - Алматы: «Аң арыс» баспасы, 2009 жыл
  2. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6

Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!