Қазтуған Сүйінішұлы (XVII ғасыр) — ноғайлық мырза, батыр, халық арасында Қарға бойлы Қазтуған атанып кеткен айтулы жорық жырауы.
Қазтуған жырау ноғайдың Едисан ордасының билеушісі Сүйініш мырзаның ұлы. Сүйініш мырзаның Қазтуғаннан басқа Азамат және Әдіжі атты тағы екі ұлы болған. Оның арғы ата-бабалары Ноғай Ордасының билеушілері еді. Әкесі Сүйініш Абдоллаұлы Еділ бойында өмір сүрген, кейін Қобан жаққа өтіп кеткен. XVII ғасырдың екінші жартысында жазылған орыс деректерінде Сүйініш мырзаның аты жиі айтылады. Ресей мемлекеттік архивінің көне актілер жөніндегі бөлімінің «Ноғай істері» қорында Сүйініш мырзаның және ноғай ұлысының 1660 жылдарға дейінгі деректері сақталған. Қазтуғанның шежіресі былайша таратылады: Едіге би – Нұраддин – Уаққас – Мұса – Ысмайыл би – Дінбай би – Тінікей – Абдолла – Сүйініш – Қазтуған. Қазтуғанның есімі алғаш рет тарих беттерінде 1673 жылы аталады. Орыс деректерінде оның есімі Тоған деп көрсетілген. Осы жылы қалмақ билеушісі Аюке хан өзінің бірнеше тайшысымен бірге Астрахан басшыларының алдына барып, орыс-қалмақ келісіміне қол қойып, аманат сарайындағы ноғайдың жас мырзасын босатуды сұраған. Қалмақ тайшылары мұндай қадамға едисан ноғайларының мырзасы Сүйініштің сұрауы бойынша барған болатын. Олар Сүйініштің патша алдындағы абыройлы істерін еске салды. Алайда, бұл сұрақтың жауабын Астрахан билігі емес, Мәскеудегі патшаның өзі беру керек еді. Осы кезде іске қабардин кінәзі Касбулат Черкасский араласып, соңғы шешімді ұлық патшаның өзі хабарлайтынын айтып, қалмақ делегациясын жылы шыраймен шығарып салады.
Қазтуған 1696 жылы ұзақ жылдар бойы Қалмақ хандығына тәуелді болған Едисан ұлысын бастап, Еділ бойынан Қырым хандығына тиесілі Қобанға көшіп кетеді. Қазтуғанның есімі соңғы рет 1698 жылғы деректе аталады. Онда Едисан ордасының мырзалары Тоған мен Гидемирдің Қобанның сол жағалауында орын алған жұтқа байланысты Мәскеуге Бейшім аға бастаған елшілікті жібергені жазылған.
Қазтуған жырау жорық жыршысы және халық эпосын жасаушылардың бірі саналады. Артына әскери рухты, туған жерін, халық өмірі мен тұрмысын суреттейтін көптеген өлеңдерден тұратын шығармашылық мол мұра қалдырды. Олардың көпшілігі сақталмаған. Дегенмен, бізге жеткен жекелеген туындылары оның әдебиет тарихы төрінен орын алуға лайықты екенін айғақтайды. Оның поэзиясы жауынгерлердің көшпелі өмірін, көзқарасын суреттейді. Және олардың тұрмысын, айналадағы құлан таза табиғат туралы ойларын бейнелейді. Ақын-жыраудың қиялының жүйріктігі, өткірлігі, бай және әдемі көркемдік әдістері сол дәуірдегі көшпенділердің поэтикалық өнерінің жоғары деңгейде болғанын, сонымен бірге, өзіндік ерекшеліктері бар екенін білдіреді. Ұлттық бояуы жағынан айқын суреттелген, жасампаз романтикамен көркемдеген, нақылдық ой орамдары мен көркемдік тіркестерге бай. Қазтуған жырау өлеңдері көп ғасырлық өнер мектебі мен әдеби үлгі ретінде санамыздан орын алды.
Қазтуған жыраудың "Мадақ жыры", "Туған жермен қоштасу" сынды туындыларын ежелгі қазақ поэзиясының таңдаулы үлгілеріне жатқызуға болады. Ақынның халық жыраулары арқылы жеткен бірқатар толғаулары И.Березиннің "Түрік хрестоматиясында" (1862), Ғабдолла Мұштақтың 1910 жылы шыққан "Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары" жинағында, М.Мағауиннің "Алдаспан" кітабында (1970) жарияланды.[1][2]
Халық Қазтуғанды әрдайым еске алып, қадір тұтады. Ол туралы талай аңыздар айтылған. Ел аңызында ол қалмақтарға қарсы қол бастаған ұрпақтың батыры. Жырау қайғы айтып еш түңілмейді. Батырлар дәстүрін қолдап, асқақ жыр шертеді, ескі елдік бөлінбес бірлік қайтпас ерлік дәстүрін уағыздайды. Ойын-тойы көп жастық шақты еске алып, оптимистик пікірлер ұсынады. Нарындай құнарлы, жайлы кең қоныстың қасиеттерін асыра ардақтайды.
Көрінген мынау көк Нарын
Ойран салып өткен жер.
Маңдайы күнге күймеген,
Жорғадан басқа мінбеген,
Сұлудан басқа сүймеген,
Қамқадан басқа кимеген...
Жырау өзі жасап отырған тұрмыс-тіршілігіне дән риза. Көк майсаға қонған бай ауылдың бейқам өмірі, әдемі пейзаждық сурет елес береді. Туған жерін шын сүйген жас батыр бейнесін сомдайды.
Жауды көрсең жайнаған,
Жай тасындай қайнаған.
Еділде тұрып оқ атса
Жайыққа түсіп жоғалған...
Қазтуған жырлары әуенді, дыбысты, ырғақты, күшті поэзия. Ат арқасында, топ ортасында айтылған жырдың солай айтылуы заңды. Дауысты «А» дыбысын қатар қолданып, аңырата сөз тастау тыңдаушыға әсерлі, құлаққа жұғымды.
Арғымақтың баласы
Арыған сайын тың жортар
Арқамнан қосым қалар деп,
Ақ дария толқын күшейтер.
Құйрығын күн шалмаған балығым,
Ортамнан ойран салар деп
Тағы бір назар аударатын жай, соңғы екі жолдағы образды сөздер. Бұрын соңды қолданылмаған тек Қазтуғанға тән тіркес « Құйрығын күн шалмаған балығым, ортамнан ойран салар деп дім» - қандай әдемі сөз! Осы өлеңнің шумағы 3 жолдан тұрады. Ақын 5 жолды өлең шумағын да жиі қолданған. Әрбір сөз әрбір жол өз орынында. Қазтуған өзіне тән теңеу, метафоралар қолданады. Қатарынан «Ж» әрпінен басталатын ұзақ шумақты өлеңнің балама сөздері жер- қоныс құнарлығын өте айқын танытқандай:
Жабағалы жас тайлақ,
Жардай атан болған жер.
Жатып қалған бір тоқты
Жайылып мың қой болған жер.
Жарлысы мен байы тең,
Жабысы мен тайы тең,
Жары менен сайы тең.
Дереккөздер
- ↑ Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2
- ↑ Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2002 жыл. ISBN 9965-607-02-8