Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтанов

Ғалымқайыр Мұтанов — Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының академигі, Әлемдік Өнер және Ғылым Академиясының (The World Academy of Art and Science) мүшесі, т.ғ.д.1979 жылы Қазақ политехникалық институтын «Автоматика және телемеханика» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын Рудный индустриалды институтында ассистент болып бастады. Мәскеу болат және қорыту институтында екі жылдық ғылыми тағлымдамадан өтті. Мәскеу мемлекеттік тау-кен университетінде аспирантура мен докторантураны бітірген. Ол 36 жасында ТМД бойынша ең жас техника ғылымдарының докторы атанды.

Қазақ ұлттық университетінің ректоры (2010 жылдан бастап)

Еңбек жолы

1995 жылы Солтүстік-Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры қызметіне тағайындалды. Ғалымқайыр Мұтанов басқарған 7 жыл ішінде СҚМУ еліміздегі үздік университетке айналды. 2002 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым бірінші вице-министрі болып тағайындалды. Осы қызметті атқару барысында отандық білім және ғылым саласын жаңғыртуға үлкен үлесін қосты.

2003 жылы Ғ. Мұтанов Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры қызметіне тағайындалды. Ол сол кезде ЖОО-ларды инновациялық бағытқа айналдырған «Университет-Технопарк» инновациялық жоғары оқу орыны моделін жүзеге асырды. 2010 жылы Ғ. Мұтанов әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры қызметіне тағайындалды. Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін қолданысқа енгізу және нәтижеге бағытталған инновациялық басқару әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу университетіне айналуына септігін тигізуде.

Бүгінде ҚазҰУ Орта Азия университеттері арасында үздік атанып, дамыған елдердің 10-топ ЖОО-лары қатарына енді. 2011 жылдан университет «QS WUR» халықаралық рейтингінде 650-орыннан 480 сатыға көтеріліп, 165 орынды иеленді. Рейтингтік агенттіктер бұны ҚазҰУ-дың феномені деп атады. 200-топ қатарына ТМД-дан тек екі университет: Ломоносов атындағы ММУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғана енген.

ҚазҰУ Түркі әлемінің ең үздік білім ордасы атанды. Британдық «Times Higher Education» (THE) агенттігінің зерттеу мәліметтері бойынша, ҚазҰУ Орта Азия университеттері арасында бірінші болып «THE World University Rankings-2019» 1000 үздік әлем университеттері қатарына енген. Сондай-ақ университет БҰҰ-ның жоғары сенімін иеленіп, тұрақты даму бойынша БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасының бас хабына айналды.

Университеттің белсенді жұмысының нәтижесі ретінде 2018 жылдың мамыр айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Пан Ги Мун атындағы Тұрақты Даму Институты ашылды. Ғ. Мұтанов 10-нан аса халықаралық академияның мүшесі, оннан астам үздік ЖОО-ның құрметті профессоры. Сонымен қатар, 500-ден аса ғылыми жарияланымның, оның ішінде 50-ден астам монографияның, әлеуметтік-экономикалық, техникалық үдерістер мен жүйелерді басқару саласы бойынша оқу құралдарының авторы. Ол 75-тен аса шетелдік (АҚШ) патенттер мен өнертабыстың иегері. Оның жетекшілігімен төрт докторлық, 30-дан аса кандидаттық және үш PhD диссертациялық жұмыстар қорғалды. Технологиялық үдерістермен басқару теориясын, жағдаяттық басқару, тәуекелді басқару, әлеуметтік-экономикалық жүйелер мен үдерістерді моделдеу әрі оларды басқару сынды теорияларды дамытуда Ғ. Мұтановтың үлесі зор.

2014 жылы бүкіл әлемге әйгілі «Шпрингер» баспасы «Mathematical Methods and Models in Economic planning, Management and Budgeting» («Экономикалық жоспарлау, басқару және қаржыландырудағы математикалық әдістер және үлгілер») кітабын басып шығарды. Кітапты Нобель сыйлығының лауреаты Джон Форбс Нэш жоғары бағалады.

Ғ. Мұтанов – Әлемдік Өнер және Ғылым академиясының (The World Academy of Art and Science) мүшесі; Халықаралық университеттік желілер қауымдастығының президенті (International Association Universities Open Network (UNION); Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі; Қазақстан Жоғары Мектебі Ұлттық Академиясының президенті; ҚР Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның мүшесі (ЖҒТК), Халықаралық Эконометрикалық қоғамдастықтың (International Econometric Society), Корольдік Экономикалық қауымдастықтың (Royal Economic Society) мүшесі.

Профессор Ғ. Мұтанов еліміздің білім және ғылым саласына сіңірген еңбегі үшін 3-ші дәрежелі «Барыс» орденімен, «Парасат» орденімен, «ҚР еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» және ҚР үздік өнертапқышы сияқты жоғары ұлттық наградалармен марапатталған. Ғылым мен білім беруді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін: Академиялық пальма бұтағы Орденінің кавалері атағымен (Франция), Польша Республикасы Қызмет орденінің Кавалері белгісімен, ТМД Орденімен (Мәскеу), Италия Республикасының Ерен еңбегі үшін орденімен, Корея Республикасы Президентінің Алтын медалі және басқа да шетелдік мемлекеттік жоғары наградалармен марапатталған.

Профессор Ғ.Мұтановқа ғылымға сіңірген еңбегі үшін Халықаралық Ғылым Академиясы жоғары мектебінің «Білім және ғылым саласында жеткен жетістіктері үшін» атаулы алтын медалі, математика саласындағы ИСЕСКО сыйлығының Алтын медалі (Білім беру, Ғылым және Мәдениет бойынша Ислам Ұйымы), М.Кюри алтын медалі (Польша) және т.б. табыс етілген. Ғ.Мұтанов – ҚР спортының еңбек сіңірген қайраткері, КСРО-ның дзюдо күресінен спорт шебері. Сонымен қатар ол поэзияға да шығармашылық қызығушылық танытады. Ғ. Мұтановтың поэтикалық жинақтары әлемнің түрлі тілдеріне аударылған және беделді халықаралық әдеби сыйлықтар мен марапаттар иеленген. Олардың арасында Э. Хемингуэй атындағы, Дж. Лондон, Н. Гоголь, Мақтымқұлы, М. Қашқари, Ж. Баласағұн атындағы және т.б. сыйлықтар бар.

Дереккөздер


Cілтемелер

Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!