Ғазымбек Бірімжанов — Қоғам қайраткері, алашшыл азамат.
Өмірбаяны
Арғын тайпасы Шақшақ руының Аю бөлімінен шыққан.[1]
Өз мамандығы дәрігер. Орынбордағы реалды училищесінен оқып, орта білім алған соң, кейін Орта Азия мемлекеттік университетінің дәрігерлік факультетін бітірген екен. Алашорданың белді азаматтарының бірі болғанын Алашорда атынан Колчак үкіметімен келіссөз жүргізуге қатысқанынан байқау болады.
Іскер дипломат Ғ.Бірімжанов Алашорданың Башқұрт үкіметі жанындағы уәкілі болып та қызмет атқарады. Бұл дипломатиялық жұмыста ол өзінің шешендігі мен мәмілегерлігін танытып отырады.
Кезінде қазақ журналистикасына өзіндік қолтаңбасымен келген, көсемсөзші ретінде де танымал болған. 1921-1922 жылдары «Ақжол» газетінде редактор болып істеген екен. Ол өзінің редакторлық жұмысы арқылы қазақ журналистикасының қалыптасуына үлкен үлес қосады. Жалынды мақалалары арқылы өз заманының шемен болып қатқан, өзекті мәселерін сөз етіп отырады. Білетіндердің жазуынша арғы атасы Шеген би деген кісі екен, сол атасына деген құрметі болса керек мақалаларын «Шеген» деген бүркеншік атпен жариялап отырған.
Ел көзіне түсіп, ұтымды жұмыс істеп жүрген білімдар азаматтан өз заманындағы ел ағалары үлкен үміт күтеді. 1922 жылы күзде Т.Рысқұлов басқарған Түркістан республикасының басшылығы Ғ.Бірімжановты Орталық Азияның бір топ жастарымен бірге Германияға оқуға жібереді. Онда барған соң Берлин университетінің ауылшаруашылық факультетіне түседі. Ол Германияда өзінің болашағына, еліне қажетті мол білім алады. 1928 жылы
Берлиннің ауылшаруашылығы университетін бітіреді. Ол университеттен алған білімін халқының болашағы үшін жұмсауды армандады. Алайда, абзал азаматтың еліне еңбек етсем деген арманы орындалмады. Себебі, Ғазымбектің Алашорда үкіметі тұсындағы қызметін, бағытын, пиғылын бес саусағындай білетін кеңес үкіметі университетті бітіріп, елге келе жатқан жолында Мәскеуде тұтқындайды. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы қатарлы Алаш қайраткерлерімен бірге тұтқындалған Ғазымбек Карелиядағы Медвежьегорск қаласына 10 жылға жер аударылады.
Тұтқында жүрген оларды кеңес үкіметі Ақ теңіз — Балтық каналының құрылысына жұмысқа салады. Ауыр еңбек, азапты өмір Ғ.Бірімжановты қажыта алмайды. Ол 1937 жылы ату жазасына кесіледі. Сөйтіп, Алаштың азаматы Ғазымбек Бірімжанов 41 жасында азаттык жолында құрбан болды.[2]
Дереккөздер