"Шәкен жұлдыздары" — халықаралық кинофестиваль.
Алғаш 2003 жылы Алматы қаласында “Шәкен жұлдыздары” продюсерлік орталығының күшімен ұйымдастырылды. 2004 жылдан бастап Алматы қалалық мәдени шаралар бағдарламасына енгізіліп, әкімшіліктің бюджеттік қолдауымен өткізілді. "Шәкен жұлдыздары" кинофестивалінің басты мақсаты — кино өнері арқылы ұлттық рухани дамудың жан-жақтылығына негізделген жаңа әлеуметтік-қоғамдық қауымдастықтың қалыптасуына жағдай жасау. Осындай мақсат аясында жас қазақ кинематографияшылар мамандарының кәсіби-шығармашылық деңгейінің шыңдалуына, әрі олардың түсірген кинотуындыларын фестиваль кезінде көрермен-көпшілікке көрсету арқылы дүниежүзілік кино өнері жетістіктеріне қол жеткізуге талпындыру, ұлттық кино мектебінің шығармашылық дәстүрін сақтай отырып, одан әрі өркендету, қазақ кинорежиссерлері мен актерлерінің шығармашылық еңбегін жан-жақты насихаттау, ұлттық киношеберлері мен озық шет ел әріптестері арасындағы өзара кәсіби-шығарм. байланыстарды нығайту, кинобайқаулардың таңдаушыларымен және жетекші киносыншыларымен кездесулер ұйымдастыру, фестиваль кезінде семинарлар мен шеберлік-сыныптар өткізу, т.б. мәдени іс-шаралар өткізу көзделінеді. 2005 жылы "Шәкен жұлдыздары" кинофестивалі Халықар. жастар киносы және дебюттік фильмдер байқауы дәрежесіне көтерілді. 2003 — 2004 жылдары өткен “"Шәкен жұлдыздарының” алғашқы екі фестивалі кезінде жергілікті көрермендерді ұлттық кино өнерінің (1998 — 2004) 20-дан аса көркем және 50-ге тарта деректі туындыларымен таныстырып, ол “Қазақстан киносы ғасырлар тоғысында” деген девизбен жүргізілді. 2003 — 07 ж. аралығындағы “Шәкен Жұлдыздары” кинофестивалі кезінде ұлттық, сондай-ақ жақын (Әзірбайжан, Беларусь, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Татарстан) және алыс (АҚШ, Египет, Израиль, Иран, Испания, Латвия, Германия, Литва, Қытай, Түркия, Үндістан, Франция, Чехия) шетелдік фильмдер көрсетілімі болды. Қазылар алқасының шешімімен бірқатар кинотуындылары ең үздік көркем (“Үш ағайынды”, режиссёр С.Апрымов, бас жүлде, 2003; “Қаладан келген қыз”, режиссёр Р.Әбдірашев, бас жүлде, 2004, Қазақстан; “Шекара”, режиссёр С.Захаваи, бас жүлде, 2005, Ресей; “Шекара”, режиссёр М.Алықұлов, бас жүлде, 2006, Қырғызстан) және деректі (“Бейтаныс Назарбаев: бес кездесу”, режиссёр С.Әзімов пен В.Рерих; “Таусылмайтын махаббат”, режиссёр С.Әзімов пен Ә.Ерназаров, 2003; “Патетикалық симфония”, режиссёр В.Тюлькин, 2004, Қазақстан; “Паром жүргізуші”, режиссёр әрі операторы С.Ю. Литовец, Ресей, Татарстан; “Терезе”, режиссёр Г.Сыдықова мен Ф.Тұрсынов, Қырғызстан; “Қимыл... Келісім”, режиссёр Ч.Ф. Расулзаде, Ресей, 2005) фильмдер деп танылып, жоғары жүлделерді иеленді.[1]
Дереккөздер