Шыңғыс Уәлиұлы Уәлихан (1811, Уәли ханның Сырымбеттегі ордасы – 1895, Сырымбет қонысы) – Көкшетау округінің аға сұлтаны, Абылай ханның немересі, Уәли ханның ұлы, Шоқан Уәлиханның әкесі.[1] Полковник және Батыс Сібір мен Солтүстік Қазақстанның қоғам қайраткері.
Өмірбаяны
Ауыл мектебінен бастауыш білім алған соң, шешесі Айғанымның айтуымен Омбы әскери училищесінде білім алған. Училищені майор шенінде бітіріп, Аманқарағай (1834–1844), Құсмұрын (1844–1853), Көкшетау (1857–1868) округтерінің аға сұлтаны болған. 1853–1857 жылдары Омбы облысы Сібір қазақтары басқармасында кеңесші болды. Қазақтардың қалыптасқан қоғамдық және шаруашылық тұрмыс-салтын қайта құруға ат салысты. Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық қозғалысына қолдау көрсетті. Уәлиханов оқу-ағарту және ғылымның рөлін жоғары бағалады, ғалымдармен, саяхатшылармен, декабристермен жақын қарым-қатынас орнатып, Орыс географиялық қоғамының ғалымдарына қазақ халқы мен даласы жөніндегі ғылыми, этногр. материалдар жинауға көмектесті. Уәлихановтың жинаған жәдігерлері мен мәліметтері Мәскеудегі көрмеге қойылып, Санкт-Петерургте өткен шығыстанушылардың 3-Конгресінде көрсетілді. 1868 жылы полковник шенінде отставкаға шықты. Этнографиялық топтама үшін жинаған жеке заттары Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы және Гамбург мұражайларында сақтаулы. Қалтқысыз қызметі үшін Ресейдің бірнеше орден, медальдарымен марапатталған.
Дереккөздер
- ↑ “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9