Шора Шамғалиұлы Сарыбаев
Шора Шамғалиұлы Сарыбаев (2 наурыз 1925 жылы, Ташкент — 2 мамыр 2018 жылы, Алматы) — ғалым. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақ КСРнің Еңбегі сіңген ғылым қайраткері (1985). Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері.[1]
Толығырақ
Байұлы тайпасының Байбақты руының Бұғанай бөлімінен шыққан.[2]
ҚазМУ-ды (1950), оның аспирантурасын (1953) бітірген. 1954 — 95 ж. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы бөлімінің меңгерушісі (1954 — 60, 1967 — 95), институт директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 1995 жылдан осы институттың бас ғылыми қызметкері. Ғылыми-зерттеу еңбектері диалектология, морфология, лексикология, лексикография, библиография, тіл тарихы, аударма, есімнама, алтаистика мәселелеріне арналған. 250-ден астам ғылыми мақалалар мен оқулықтары, монографиялары жарық көрген. Сарыбаев профессор Аманжоловтың тілдегі диалектілерді топтау теориясын әрі қарай дамытты, диалектология саласындағы терминдердің қалыптасуына атсалысты. “Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігін” (1966), “Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігін” (1969), “Жаңа атаулар сөздігін” (1992) құрастырушылардың бірі. “Қазақтың аймақтық лексикографиясы” (1976) монографиясы — түркітану ғылымында аймақтық лексикография теориясына арналған алғашқы еңбек. Сарыбаев “Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткіші” атты 6 томдық (1-т. 1965; 2-т. 1971; 3-т. 1977; 4-т. 1982; 5-т. 1987; 6-т. 1994) еңбегі арқылы қазақ тіл білімінің тарихын зерттеу ісіне зор үлес қосты. Ол “Түркітану әдебиетінің библиографиясын” (1989) бастырып шығарды. Қазақ тіл білімі саласында қорғалған 1000 кандидаттық, докторлық диссертацияларының библиографиялық көрсеткішін құрастырды (2000). Ол 1965 ж. АҚШ-тағы Гарвард корпорациясының мүшелігіне сайланған, ГФР-да (1975), Түркияда (1994) өткен халықар. конгресс, конференцияларда баяндамалар жасаған. 2018 жылдың 2 мамырында 94 жасына қараған шағында дүниеден озды.[3]
Шығармалары
- Междометие в казахском языке, А., 1959;
- Қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздер, А., 1960;
- Современный казахский язык, А., 1962 (телавт.);
- Қазақ тілінің грамматикасы, А., 1966 (телавт.);
- Қазақ диалектологиясы, А., 1967 (телавт.);
- Қазақ, моңғол тілдерінің туыстығы жайлы, А., 1967;
- Монгольско-казахские лексические параллели, А., 1971;
- Қазақ тілінің тарихи грамматикасы, А., 1975 (телавт.);
- Казахская региональная лексикография, А., 1976;
- Қазақ тіліндегі аймақтық лексика, А., 1989 (телавт.);
- Қазақ тіл білімі мәселелері, А., 2000;
- Қазақ тілінің аймақтық сөздігі, А., 2005 (телавт.).
Ғылыми атақтары
Мемлекеттік марапаттары
Дереккөздер
- ↑ “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
- ↑ ҚУАНЫШҚЫЗЫ, Гүлмира. АЛАШҚА АЯН БОЛҒАН БІР АТАНЫҢ БАЛАЛАРЫ, Орда жұлдызы (24.09.2020). Тексерілді 1 ақпанның 2021.
- ↑ Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3
|
|