Шавкат Шигабутдинович Ибрагимов(22.10.1923, Татарстан, Қазан қаласы – 26.12. 1989, Алматы) – ғалым, техника ғылымдарының докторы (1965), профессор (1974), Қазақстан ғылым академиясының академигі (1970), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982).
Қазан авиация институтын бітірген (1948). 1948 – 52 жылдары Мәскеу және Қазан авиация зауыттарында жұмыс істеді. 1952 – 55 жылдары Мәскеу болат және қорытпалар институтының аспиранты, 1956 – 69 жылдары КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Атом энергиясын пайдалану жөніндегі мемлекеттік комитеттің Обнинск қаласындағы Физика-энергетика институтында аға ғылыми қызметкер, лабаротория меңгерушісі, 1969 – 70 жылдары Қазақстан ғылым академиясының Ядролық физика институты директорының орынбасары, 1970 – 87 жылдары осы институттың директоры, 1987 – 89 жылдары сонда лабаротория меңгерушісі, 1974 – 86 жылдары Қазақстан ғылым академиясының вице-президент қызметтерін атқарды. Негізгі ғылыми еңбектері қатты дененің радиациялық физикасы мен радиациялық материалтануға, ядролық сәуле мен заттың өзара әсерлесуін және сәулемен әсер еткенде материалдардың физикалық-химиялық қасиеттері мен құрылымының өзгерісін зерттеуге, сондай-ақ, ядролық физика мен ядролық энергетика мәселелеріне арналған.
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1978). Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдермен марапатталған.[1]