Удинцев Григорий Николаевич (15.1.1896, Ресей, Свердловск облысы Карпинск ауданы Петропавловский кенті – 15.1.1951, Алматы қ.) – медицина ғылымының докторы (1940), профессор (1934).КСРО Медицина ғылымы академиясының корреспондент мүшесі (1945), Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылыми қайраткері (1941), Қазақстан ғылым академиясының корреспондент мүшесі (1946). Томск университетін бітірген (1921) соң осы университетте ординатор, ассистент, доцент (1921–30), ауруханада бас дәрігердің міндетін атқарушы (1930–34), Алматы мемлекеттік медицина институтында (қазіргі Қазақ ұлттық медицина университеті) госпитальдық және ф-ттік терапия клиникасының меңгерушісі (1935–44), Қазақстан ғылым академиясының Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтының директоры (1944–48), Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласындағы Санитарлық-гигиеналық медицина институтында профессор (1948–51) қызметтерін атқарған. 1940 ж. «К вопросу об определении функции костного мозга у человека» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Оның негізгі ғылыми жұмыстары гематология (қан морфологиясы), жұқпалы аурулар (бруцеллезді вакцинамен, химиялық дәрілермен, физиотерапия әдіс-терімен емдеу) және курортологиялық (қымыз бен курорттық факторлардың емдік қасиеттері) мәселелеріне арналған. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
[1]
Дереккөздер
- ↑ Қазақстан ұлттық энциклопедиясы