Тәшенов Қазис Тәшенұлы (1.8.1928 жылы туған, Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Ақсу ауылы) – физиолог-ғалым, биология ғылымының докторы (1968), профессор (1970), Қазақстан Ғылым Академиясының академигі (1994). Омбы (Ресей) ауыл шаруашылық институтын бітірген (1952). Қазақстан Ғылым Академиясы Эксперименттік биология институтының кіші ғылыми қызметкері, аспиранты (1953 – 56); Қазақстан Республикасының Ғылым Академиясы - Физиология (қазіргі Адам және жануарлар физиологиясы) институтының кіші, аға ғылым қызметкері, лаборатория меңгерушісі (1961 жылдан), директордың ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары (1980 – 87), директоры (1986 – 90) болды. 1990 жылдан Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы Төралқасының мүшесі, биология және медицина ғылымдары бөлімінің академик-хатшысы. Негізгі ғылыми еңбектері мал физиологиясына арналған. Тәшенов күйіс қайыратын малдың таз қарынында микробиологиялық белоктың жинақталу процесі азық рационының сипатына және ас қорыту жолына келіп түсетін сілекей мөлшеріне байланысты екендігін бірінші рет анықтады. Хирургиялық операция арқылы ұйқы безі мен өт жолдарын бөлек шығарудың түтіктік әдісін ойлап тапты. Сондай-ақ жүйкелер мен қан тамырларын бүтіндей сақтай отырып, ұлтабардан бөліп алынған кішкене қарын жасау тәсілін ұсынды. Ас қорыту органдары мен сүт бездерінің қызметін реттеуге бүйрек, қалқанша және жыныс бездерінің қатысын анықтап, ас қорыту және сүт түзілу (лактация) процестерінің өзара байланысты екенін дәлелдеп, сүт шығару механизмін ашты; Чехословакия ғалымдарымен бірлесе отырып, күйіс қайыратын малға арналған жасанды азық рационын ұсынды. Тәшеновтің жетекшілігімен 25-ке жуық ғылым кандидаттары мен докторлары дайындалды. 250-ден астам ғылыми еңбегі бар, оның 4-уі монография, 20-дан астам жұмысы шетелде жарық көрді.
[1]
Сілтемелер
- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том