Суармалау — табиғи жағдайда ылғал жетіспеушілігі байқалатын топырақтар мен өсімдіктердіңсу жүргісін (режім) жақсартуға бағытталған шаралар кешені; гидротехникалық мелиорациялаудың бір түрі. Топырақтың ылғалдылығын көбейтеді, өсімдіктердің қоректену және жылулық режімдерін, топырақ пен жер беті қабатының микроклиматын жақсартады. Құрғақ (аридтік) аймақтағы жерлерді ауыл шаруашылығы үшін пайдалануға қосуға, ал гумидтік аймақта ауыл шаруашылығы алқаптарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Объектілердің орнына, табиғат жағдайларына және ауыл шаруашылық өндірісінің талаптарына байланысты тұрақты түрде өздігінен ағыза суармалау немесе суды механикалық көтере суармалау және бір мезгілдік суармалау болып жіктеледі. Суды беру тәсілдеріне қарай беттік суармалау, жаңбырлату, топырақішілік суармалау сараланады (соның ішінде тамшылата суармалау, тозаңдата суармалау). Күріш өсіру үшін, сортаң топырақты шаймалау үшін және топырақты көктемгі бір мезгілдік ылғалдау үшін, әдетте, бастыра суармалау қолданылса, жайылмалық шабындықтың өнімділігін арттыру үшін көлдету әдісі жасалады.
Суармалау жүйесі
Суармалау жүйесі— мелиорациялық жүйе, белгілі бір суармалы алапты суландыруға арналған мелиорациялық су шаруашылығы құрылыстары. Суармалау жүйесінің құрамына суармалы жерден басқа суландыру көзі, магистральды канал, суландыру желілері, құрылыстар мен күрылғылар, суды суармалы жерге жеткізіп, оны канал, тоғандарға бөліп беріп суармалы жердегі дақыл тамырына ылғалды ұтымды түрде жеткізіп беру желілері жатады. Суды таратушы каналдар шаруашылықаралық және шаруашылықішілік болып бөлінеді. Шаруашылықішілік канал суды жеке телімдерден танаптарға таратады, жеке учаскелерден бас арыққа, жеке танаптарға бөлуді реттейді; су егістікке құлақарық арқылы жеткізіліп, ол уақытша арықтар арқылы егін алқаптарына беріледі. Әрбір танаптың аяғында орнатылатын қашыртқы арықтар топыраққа сіңіп үлгермеген және артық суларды тосып алып басқа жаққа бұрып алып кетеді. Суды бөліп алу әдісіне қарай өзі ағатын және механикалық сукөтергіш болып бөлінеді. Құрылымдық түрі бойынша ашық (каналдар) және жабық қысымсыз, қысымды құбырлар және аралас болып бөлінеді, бүған — каналдар, қысымды-қысымсыз құбырлар жатады. Суармалау жүйесін таңдаған кезде, оның техникалық-экономикалық және пайдалы әсерінің коэффициент көрсеткіштері есепке алынады.
Суармалау желісінің пайдалы әсер коэффициенті
Суармалау желісінің пайдалы әсер коэффициенті — су шығынының суармалы жерге (танапқа) жеткізілген (нетто) көлемінің су көзінен алынған (брутто) су көлеміне қатынасы. Бұл коэффициент ашық желілі каналдармен келген судың пайдалануға жеткен деңгейін көрсетеді.
Суармалау гидромодулі
Суармалау гидромодулі — меншікті су шығыны алдын ала белгіленген, нақты дакылды суғаруға керекті, 1 секундта 1 гектар жерге берілетін су мөлшері. Су көзінен алынатын және суландыру жүйесі арқылы барлық суармалы жерді суғару үшін қажетті су көлемін анықтайтын су кестесі.
Суармалау желілері
Суармалау желілері — магистральды каналдан немесе су жүргізгіш құбырлардан таралатын желі, тармақтар, сонымен қатар уақытша жер суару желілері, суармалау жүйесінің негізгі элементтері.
Суармалау желісінің бөліктері
Суармалау желісінің бөліктері— егістікті суармалау үшін салынатын бас саға, су бөлуші тораптар, бас канал, шаруашылықаралық каналдар, шаруашылықішілік каналдар, танап каналдары, гидротехникалық құрылыстар, бақылау ұңғымалары, кәріз жүйелері, жол және ағаштар құрамы.
Суармалау көзі
Суармалау көзі — гидротехникалык құрылыс аркылы егістікті суару үшін қажетті су алынатын негіз.Суармалау жүйесінің негізгі элементі; белгілі бір уақытта, судың керекті көлемімен және қажетті сапасымен пайдаланушыларды қамтамасыз етеді. Суармалау көздерінің реттелінген және ретгелінбеген түрлері — өзеннің су қоймасында, жергілікті су ағындарында, бұлақтарда, төгінді (сарқынды) суларда, мелиорациялық жүйенің қашыртқы суларында болады.
Суармалау нормасы
Суармалау нормасы — 1) өсімдіктің өсіп-өнуі кезеңінде 1 гектар суармалы жерге берілетін су көлемі немесе сол жерге барлық суару маусымында берілетін су көлемі. Суармалау нормасының мөлшері ауа райының, топырақтың және жердің мелиорациялық жағдайы мен дақылдардың өсіп-өну мерзімінің ұзақтығына және оларды күтіп-баптаудың агротехникалық әдістеріне байланысты. Өлшемі: 1 гектарға текшеметр немесе 1 миллиметр жаңбыр суының қабаты (100 м3 га — 10 миллиметр су қабаты); 2) ауа райының, топырақтың және жердің мелиорациялық жағдайы мен дақылдардың биологиялық ерекшеліктеріне, сондай-ақ дақылдардың өсіп-өну мерзімінің ұзақтығына және оларды күтіп-баптаудың агротехникалық әдістеріне байланысты ылғалдандыру шамасы. Оның өлшемі бір гектарға текшеметрмен есептеледі.
Суармалау режімі
Суармалау режімі — дақылдарды суару мерзімі мен нормасы. Сонымен катар белгілі бір климаттык ортадағы топырақты жоәне агротехникалық жағдайда өсіп-өнетін дақылдарды суармалау мөлшері. Әдетте, суармалау нормасын өндірістік тәжірибені колдану, далалық зерттеулер жүргізу немесе тікелей есептеу тәсілдері аркылы белгілейді.
Суармалаудың есептеу қамтамасыздығы
Суармалаудың есептеу қамтамасыздығы — суармалы жер жүйесінің су нормативімен қамтылуы. Оның сандық көрсеткіштері жүйенің жыл ішіндегі (барлық есепті жыл кезеңіндегі пайызбен көрсетілген бір жыл) суға деген қажеттілігін өтейді. Суармалау жүйесін жобалау барысында есептеу қамтамасыздығы көрсеткіштері артық не кем алынған жағдайда жер мен су қорын пайдалану тиімділігі кемиді.
Суармалаудың жалпы ауданы
Суармалаудың жалпы ауданы —cуармаланатын егістік жердің жалпы ауданы. Оған таза егіс егілген жер, жол, каналдар, екпе ағаштардың жер ауданы жатады.
Суармалы егіншілік
Суармалы егіншілік — жасанды суармалауды қолданып жүргізілетін егіншілік. Суармалы егіншілік суармаланбайтын егіншілікпен салыстырғандағы экономикалық артықшылығына қарамастан, оның дамуы топырақтың сортаңдануымен және сілтісізденуімен, суармалауға судың жеткіліксіздігімен шектелген. Суармалы егіншілік жүргізу үшін ең жақсы жерлер ірі өзендердің мезгіл-мезгіл су жайылатын алкаптарында орналасқан. Мұнда суда қалқып жүретін заттектер топырақтың құнарлылығын қалпына келтіреді және жасанды суармалау жыл сайын табиғи су басудың жалғасы болады.Суармалы егіншілік еліміздің шөл, шөлейт аймақтарында жиі-жиі қуаңшылық болып тұратын аудандарында жете дамыған. Суармалы егіншілік көлемінің 80%-дан астамы Түркістан, Қызылорда, Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстарында орналасқан. Онда мақта (120—125, мың га), қант қызылшасы (75—78,0 мың га), күріш (1230- 135,0 мың га), дәнді дақылдар (450-500,0 мың га) және мал азығы ретінде пайдаланылатын өсімдіктер (850—950 мың га) егіледі. Мұнымен катар, аталған облыстарда жидек шаруашылығы мен бақ өсіру барынша дамыған. Қазақстан аумағында суармалы егіншілік ежелден (б.з.б. VIII—IX ғ-дан) белгілі, бірақ оның XX ғасырдың басына дейін жергілікті экономикада айтарлыктай орны болған жоқ.
Суармалы егін шаруашылығы
Суармалы егін шаруашылығы — ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үшін суармалау қолданылатын егіншілік саласы. Суармалы егін шаруашылығында жердің өнімділігі тәлімі жерлерден 2—3 есе артып, ол жерден тұрақты өнім алынады. Суармалы егін шаруашылығында жер бетімен суармалау, жаңбырлатып суару, топырақ арасымен, тамшылатып және қарқынды суармалау әдістері қолданылады.[1]
Дереккөздер
↑Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Су шарушылығы. – Алматы, «Мектеп» баспасы, 2002 жыл.