Сергей Ксенофонтович Калинин (8.10.1911, Ресей, Екатеринбург облысы, Красноуфимск қаласы – 9.11.1993, Алматы қаласы) – техника ғылымы докторы (1966), профессор (1976), Қазақстан Ғылым Академиясының корреспонт мүшесі (1972), Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылыми қайраткері (1971). ҚазПИ-ді (1946, қазіргі ҚазҰПУ) бітірген. Орал химия-технология институты (1930–33) мен КСРО Ғылым Академиясы Қазақ бөлімшесінің химия лабораториясында (1933–41) ғылыми-техникалық қызметкер әрі лаборатория меңгерушісі болды. Кеңес Армиясы қатарында (1941–45) қызмет еткеннен кейін Қазақстан Ғылым Академиясының Астрономия және физика институты (1945–57) мен Ядро физика институтында (1957–61) лаборатория меңгерушісі, Геология ғылымдар институтында сектор жетекшісі, бөлім меңгерушісі (1961–93) қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбегі атомдар мен молекулалардың оптикалық спектрлерін зерттеу мен жүйелеуге арналған. Халықтар достығы, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.