Ресурстар
Ресурстар (французша ressourse — құрал-жабдық, мүмкіндік), босалқы қорлар — табыс, ақшалай және басқа қаражат, құндылықтар мен олардың көздері.
Негізгі түрлері:
- ақпараттық ресурстар — әлеуметтік мәні бар және қоғамдық іс-тәжірибеде пайдаланылатын ақпараттық материалдардың (ақпараттық құжаттардың, ақпараттың), сондай-ақ ғылыми-техникалық ақпараттың жиынтығы;
- банк ресурстары — банктердің меншікті және сырттан тартылған қаражатының жиынтығы, оны банктер несиелендіру және актив операцияларын жүргізу үшін пайдаланады;
- бюджет ресурстары —барлық деңгейдегі бюджеттерге кіріс ретінде түсетін ақшалай қаражат;
- еңбек ресурстары — халықтың еңбекке жарамды бөлігі;
- қаржы ресурстары — мемлекеттің, кәсіпорынның, ұйымның қарамағындағы ақшалай қаражат қорларының жиынтығы;
- материалдық ресурстар — еңбек заттары мен құралдары: машиналар мен жабдық, шикізат, негізгі және қосалқы материалдар, жартылай фабрикаттар, отын, аяқталмаған өндіріс және өндіріс қалдықтары, машиналар мен жабдықтарды жөндеуге арналған қосалқы бөлшектер, ыдыс;
- табиғат ресурстары — жер, су, әуе байлықтары, пайдалы қазбалар, орман, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі түріндегі табиғи, экономикалық, өндірістік ресурстар;
- экономикалық ресурстар — фирманың, кәсіпорынның меншігіндегі және пайда алу үшін пайдаланылатын негізгі құрал-жабдықтың, бейматериалдық активтердің, басқа да құндылықтардың, ақшалай қаражаттың жиынтығы, өндірісті қамтамасыз ету көздері деген мағынаны білдіретін іргелі экономикалық теория ұғымы;
- экспорттық ресурстар — сыртқы нарықтарда өткізуге арналған өнім, көрсетілетін қызметтер, жекелеген жұмыс түрлері, қаржы-қаражат;
- энергетикалық ресурстар — отынның барлық түрлерінің қорлары.
- сарқылмайтын ресурстар
|
|