Рақымжан Елешев (13 маусым 1938 жылы туған, Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Саралжын ауылы) – ауыл шаруашылығы ғылымының докторы (1984), профессор (1986), Қазақстан Ғылым Академиясының академигі (1996), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1998) және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1999).[1]
ҚазПИ-дің (қазіргі Қазақ ҰПУ) химия-биология факультетін (1961) және Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) агрономия факультетін (1967) бітірген. 1961 жылдан Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтында ассистент (1961–69), доцент (1970–72), декан (1972–85), ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор (1986–92) болып істеді. 1996 жылдан агрохимия және топырақтану кафедрасының меңгерушісі әрі университет жанындағы Агробиология және экология ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметтерін атқарады.
«Формы фосфоритов в орошаемых почвах Юго-Восточного Казахстана и приемы рационального использования фосфорных удобрений» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Оның негізгі ғылыми бағыты – топырақтың құнарлылығын сақтау мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапалық жағын және өнімділігін арттыру; жалпы ғылыми-зерттеулері тыңайтқыштар химиясына арналған. Елешев агрожүйелердегі фосфордың трансформациялануының биохимиялық циклін зерттеу негізінде фосфор тыңайтқыштарын тиімді пайдаланудың жаңа әдістерін жасап шығарды. Ол минералдық тыңайтқыштарды дұрыс қолданбау салдарынан қоршаған ортаға тиетін экологиялық зардаптарды зерттеді.
Елешев 300-ден астам ғылыми-зерттеу еңбектің, оның ішінде 4 монография мен оқу құралдарының авторы.
Топырақтың қоректену режимдерін басқару мәселелерін зерттеу бойынша жүргізген ғылыми жұмыстар циклі үшін Ресей Ғылым Академиясының Д.Н.Прянишников атындағы сыйлық алған (1990). Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлық лауреаты (2001). Батыс Қазақстан облысының және Қаратөбе ауданының құрметті азаматы (1998). «Құрмет» орденімен (2005) және медальдармен марапатталған.[2]
Сыртқы сілтемелер
http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=4748
Дереккөздер
- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998
ISBN 5-89800-123-9
- ↑ Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2002, ISBN 9965-607-02-8