Олигоцен

Олигоцен (грек. olіgos – аз, шамалы және грек. kaіnos – жаңа) – палеоген дәуірінің соңғы кезеңі.[1]


Ол шамамен 37,2 млн. жыл мен 25,2 млн. жыл аралығында болған, ұзақтығы шамамен 12 млн. жылдай. Олигоценге дейін теңіз арқылы бөлініп жатқан Еуропа мен Азия бірігіп, бір құрлықты құрады. Осы кезде Альпі тау жүйесін құрайтын тау тізбектері түзілді. Бұл кезеңде Қазақстан жерінде ауа райы жылы болды. Суалған теңіздердің орнына көлдер мен өзендер, батпақты ойпаттар пайда болып, Тянь-Шань, Алтай және Орал тау жүйелері түзіле бастады. Арал теңізінің солтүстігінен Орталық Қазақстан жәнеЗайсан ойпатына дейінгі аймақты жалпақ жапырақты ормандар (емен, самырсын, жаңғақ, кипарис, терек, тал, т.б. ағаштар) алып жатты. Жануарлар дүниесінен олигоценде тоғайларда алып мүйізтұмсықтар (парацератерий), батпақ мүйізтұмсықтары (кадуркодон) және ашық жерлерде – тенисеггисодондар, сондай-ақ тапиртәрізділер (колодон, т.б.), шошқатәрізділер (антракотерий, энтолодон), бұғытәрізділер (продремотерий, лофиомерикс), қоянтәрізділер, кемірушілер, т.б. тіршілік етті.

Олигоценнің орта шенінде индрикотерий фаунасының жақсы дамыған кезеңі болды. Бұл ежелгі тұяқтылар (пантодонттар, т.б.), алғашқы жыртқыш аңдар (креодонттар) және сүтқоректілердің кейбір түрлерінің өліп біткен кезеңі болды. Олигоценнің басында адам тәрізді маймылдар пайда бола бастады. Ауа райының суытуына байланысты мәңгі жасыл ормандардың алып жатқан аумағы азайып, олардың орнына жапырағы түсетін өсімдіктер өсе бастады.

Ішкі сілтемелер

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Қазақ энциклопедиясы 7- том

Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!