Нәзір Төреқұлов

Нәзір (Нәзім) Төреқұлұлы Төреқұлов
Сурет
Туған күні

1892 (1892)

Туған жері

Қандөз, Сырдария уезді, Түркістан өлкесі, Ресей империясы

Қайтыс болған күні

3 қараша 1937 (1937-11-03)

Қайтыс болған жері

Мәскеу, КСРО

Азаматтығы

Ресей империясы
КСРО
Түркістан автономиясы

Діні

Ислам

Партиясы

БК(б)П

Мансабы

дипломат, елші, саясаткер, аудармашы, тілші, қоғам және мемлекет қайраткері

Балалары

Әнел Назировна Кокошвили

Нәзір Төреқұлов (1892, Қандөз, Сырдария уезді, Түркістан өлкесі, Ресей империясы (қазіргі Қандөз ауылы, Жаңақорған ауданы, Қызылорда облысы) – 3 қараша 1937, Мәскеу) – мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, алғашқы қазақ елшілерінің бірі, дипломат. Орта жүздің алты арысының бірі Қоңырат тайпасы Көтенше тармағының Маңғытай руынан.[1][2]

Нәзір Төреқұлов қызы Әнелмен бірге

Өмірбаяны

  • Қоқандағы жәдидтік мектепте және екі жылдық орыс-түзем мектебінде бастауыш білім алған.
  • 1913 жылы сондағы коммерцияучилищесін бітіріп, Мәскеудегі коммерция институтына оқуға түскен.
  • 1916 жылы 25 маусымдағы патша жарлығы бойынша майданның қара жұмысына алынған жерлестеріне көмек көрсету мақсатымен оқуын тастап, Батыс майданға барған.
  • Минскіде Земство одағына нұсқаушы болып жұмысқа кіріп, тыл жұмысына алынғандарға тілмаштық қызмет көрсетіп, олардың мүддесін қорғау бағытындағы іс-шараларға белсене ат салысты. Сонда жүріп қазақ жастарының “Еркін дала” атты астыртын ұйымын құруға жетекшілік етті.
  • 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Орынборға оралып, “Еркін дала” ұйымының алғашқы құрылтайын ұйымдастырады.
  • 1918 жылғы 16 сәуірден ОрынбордаҚазақ мұңы” газетін шығаруды қолға алды. Осы жылы жазда Қоқанға оралып, сонда жұмысшы, диқан және солдат депутаттары кеңесіне қызметке тұрып, оның органы болып табылатын “Халық газетасын” және Түркістан Коммунистік Партия органы “Инқилоб” (Революция) журналын шығаруға ат салысты.
  • 1919 жылы Ферғана облысы ревкомының және Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болды.
  • 1920 – 1922 жылы Түркістан Коммунистік Партия Орталық Коммитетінің төрағасы, Түркістан Орталық Атқару Коммитетінің мүшесі және төрағасы, Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің және Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы халық комиссарлар кеңесінің, Ресей Кеңестік (большевиктер) Партиясы Орталық Коммитетінің Түркістан бюросының, Түркістан майданы революциялық әскери кеңесінің мүшесі. Ол осындай лауазымды қызметтерде жүріп дін мәселесіне көп көңіл бөлді. Түркістан Орталық Атқару Коммитетінің төрағасы ретінде барлық мекемелерде демалыс күнін жексенбіден жұмаға ауыстыру туралы және Құрбан айттың үш күнін демалыс күндері деп жариялау туралы қаулыларға қол қойды.
  • 1921 жылы “Қызыл байрақ” журналында “Ислам және коммунизм” атты мақала жариялап, онда исламның қоғамдағы атқарып отырған рөліне оң баға берді.
  • 1922 – 1928 жылы Мәскеуде КСРО Орталық Атқару Коммитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Бұл қызметке кіріскеннен кейін В.И. Лениннің қабылдауында болып, автономия алған халықтардың тілін мемлекттік тілге айналдыру мәселесін көтерді. Түркі тілдес халықтардың ортақ әліпбиін жасау жөніндегі комиссияға төрағалық етіп, араб әліпбиінен латын әліпбиіне көшуді жақтады. Орталық баспа басқармасының төрағасы ретінде қазақ тілінде “Темірқазық” атты журнал шығаруды ұйымдастырып, оған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев секілді қазақ зиялыларын тартты.
  • 1928 – 1932 жылы Хиджазда бас консул болды.
  • 1932 – 1936 жылы КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті елшісі болып қызмет етті.
  • 1932 жылы маусымда Сауд Арабиясы королінің мұрагері Фейсал әл-Саудтың КСРО-ға ресми сапарын ұйымдастырды.
  • Төреқұлов Нәзір елші болған жылдары араб тілін жетік меңгеріп, бірнеше мәрте кіші және үлкен қажылық рәсімін орындады.
  • 1936 жылы КСРО Ұлттар кеңесінің жанындағы Орталық тіл және жазу ғылыми-зертханалық институтына қызметке орналасты.
  • 1937 жылы шілдеде “халық жауы” ретінде айыпталып, ату жазасына кесілді.
  • 1958 жылы 28 қаңтарда КСРО Жоғарғы сотының шешімімен ақталды. Бүгінде Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында Төреқұлов Нәзір есімімен аталатын көшелер бар. Оның есімі Шымкенттегі, Түркістандағы және Шолаққорғандағы орта мектептерге берілген. Түркістан қаласында Төреқұлов Нәзір мұражайы жұмыс істейді.[3]
Фейсал бин Абдель Азиз аль Сауд ханзада мен Нәзір Төреқұлов. Джидда қ-сы, 1929 ж.
Фейсал бин Абдель Азиз ас Сауд ханзада бір топ дипломаттардың арасында. Джидда қ-сы

Қайраткер ғалым ретінде отандық тіл білімі саласына үлкен үлес қосты. Оның «Жат сөздер», «Ұлт мәселесі және мектеп», «Қазақ-қырғыз үшін жаңа әліпби» сынды еңбектері мен өзге де мақалаларында емле, әліпби, терминология жүйесі ғылыми негізде талданып отырады. Сондай-ақ қаламгердің әдебиет туралы пікірлері де ерекше. Ол С.Сейфуллиннің «Асау тұлпар», «Бақыт жолына» атты шығармаларына, өзбек каламгері А. Қадыридің еңбектеріне сын жазды. Өзбектің «Инқилоб» атты журналына жазған ислам діні, жәдитшілдік, Түркістан тарихы туралы мақалалары ғылыми нақтылығымен көзге түседі. Қайраткер 1937 жылы 15 шілдеде ұсталып, 3 қарашада атылды.[4]

Шығармалары

  • Орыс-өзбек тілінің әлеуметтік-саяси сөздігі. Ташкент, 1922.
  • Түркістан Автономиялық Республикасы // ЖН. 1923. 1. кітап, 86-95 б; (Бартольд В. В. кітабына рецензия).
  • Түркістан тарихы. Ташкент, 1922 // Сонда. 2. кітап, 162—164 б.
  • Лениндік жолмен: (Наримановтың өліміне орай) // НВ. 1925. № 7. IV. жинақ
  • Түркі әліпбилерінің латындандырылуы мәселесіне орай // Сонда. № 10/11. 218—222 б.
  • Ұлт мәселесі мен мектеп. Мәскеу, 1926.
"Ұлт мәселесі мен мектеп"

Сөз сөйлеуі

  • Бүкілодақтық түркологиялық құрылтай, 1926. 263—268; 309—310, 330—331 б.

Баяндамалар

  • Стенографиялық есеп, 1927. 88-92 б., 115—123;
  • Біздің міндеттеріміз // НВ. 1928. № 20/21. XII—XXII жинақ;
  • Нәзір Төреқұлов — Сауд Арабиясы Корольдығындағы КСРО-ның өкілетті өкілі: (Хаттар, күнделіктер, есептер. 1928—1935 жж.). М., 2000.
Қазақстан пошта маркалары, 2006 жыл: Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин, Нәзір Төреқұлов, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев

Дереккөздер

  1. https://qazaqadebieti.kz/23438/tashkent-aza-m-deni-ortaly-yny-ydyrauy
  2. http://ulagat.com/2020/08/04/%D0%BD%D3%99%D0%B7%D1%96%D1%80-%D1%82%D3%A9%D1%80%D0%B5%D2%9B%D2%B1%D0%BB%D0%BE%D0%B2/
  3. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том
  4. Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2

Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!