Нұх ﵇ |
араб.: نوح |
Туған күні |
Белгісіз
|
---|
Туған жері |
Қосөзен
|
---|
Қайтыс болған күні |
Белгісіз (950 жыл өмір сүрген)
|
---|
Қайтыс болған жері |
Белгісіз
|
---|
Қызметі |
Пайғамбар, балташы
|
---|
Әкесі |
Ламек
|
---|
Балалары |
Сам, Хам, Йафис (Яфәс)
|
Нұх (араб.: نوح) — Исламда аса құрметтелетін пайғамбарлардың бірі. Нұх пайғамбар Аллаһның әмірімен пұтқа (Вадду, Сува, Йагусу, Йауку, Насру) табынып келген өз халқын бір Аллаһға сыйынуға шақырды. Біраз уақыттан соң адамдардың бір бөлігі оның насихатын қабылдайды. Сенбеушілер егер пайғамбар болсаң кереметіңмен бізді жазала деп қасарыса түсті. Осы оқиғаға байланысты діни аңыздар мен Құран Кәрімде Нұх пайғамбардың ақыры Құдайға жалбарынып, дінсіздерге қандай шара жасайтыны туралы медет сұрағандығы айтылды.
Аллаһ Нұх пайғамбарға кеме жасап, өзіне ергендер мен жақындарын және дүниедегі тіршілік иелерінен бір-бір жұптан кемеге мінгізіп алуға бұйрық береді. Сенбеушілердің иман келтірген адамдарды аздыруынан қауіпсінген Нұх пайғамбар олардың қатаң жазалануын тілейді. Содан кейін «тандыр пештен қайнап шыққан су мен көктен саулап құйылған су» жер дүниені топан болып басады.
Дінсіздер қырылып, Нұх пайғамбар кемесіндегі оның жақындары, оған сенгендер ғана аман қалады. Кемеге мінуден бас тартып, топан судан тауға барып паналамақ болған Нұх пайғамбардың бір баласы қаза болған. Кеме таудай толқын арасынан аман қалып, су қайтқан соң тау басына тоқтады. Бұл тау туралы аңыздарда әл-Жуди тауы деп айтылса, тағы бір аңыздарда кеме Арарат тауына, қазақ қисса-аңыздарында Қазығұрт тауының басына тоқтағандығы баяндалады. Нұх пайғамбар баласын апаттан құтқаруға тырысып қанша жалбарынса да, Аллаһ райдан қайтпай – діннен безген бала Нұх пайғамбар отбасынан біржолата аластатылады.
Құран Кәрім аяттарында Нұх пайғамбардың ғибратты өмірінен көптеген мысалдар келтіріліп (3:33; 4:163; 6:84; 7:69/67; 9:70/71; 19:59; 22:43; 23:22/32; 33:7;57:26, т.б.),
«Бұл ең қасиетті әңгімелердің бірі. Біз саған соның сырын ашамыз» деген Нұх пайғамбар тарихы өз пайғамбарларына сенбей, Аллаһның қаһарына ұшыраған халықтар тарихының алғашқы буыны және ғибратты үлгісі болды, Құран Кәрім уағыздарының тарихи негізділігін дәлелдеуде жетекші қызмет атқарды.
Нұх пайғамбар хикаяларында Меккедегі қасиетті орындарға байланысты бүкіл әлемді басқан топан су Меккедегі қасиетті жерге жайылмаған. Адам тұрғызған әл-Қағба көкке көтеріп әкетілген деп айтылады.[1]
Нұх кесенесі галереясы
Сизредегі Нұх пайғамбар кесенесі, Түркия
Дереккөздер:
- ↑ Оңтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясы
- Ат-Тараби, Тарих, 1, 174-182;
- Тафсир, 8, 150-151, 12, 7-35, 18, 12-15, 19, 56-57, 27, 54-57, 29, 57-64;
- Ал-Хамдани. Китаб ал-иклил. Тахкик М., Ал-Аква, 1. Каир, 1963; 47-55;
- Ас-Салаби. Кисас, 31-35;
- ал-Кисаи. Кисас, 85-150;
- Умаййа б. Аби-с-салт. Диван. Тахкик ад-Хадиси. Багдад, 1975, ғ5, 86, 110, 144, 145;
- Ибн Араби. Тафсир, 1, 147-150, 2, 172-174;
- ал-Бадави. Тафсир, 1. 329-333, 432-437. 2, 358-360.