Нығмет Тінәліұлы Сауранбай (5 мамыр 1910, Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Шарбақты- 17 қараша 1958, Алматы) - Қазақ тілі білімінің негізін салушылардың бірі, түркітанушы, филология ғылымының докторы (1943), профессор (1944), Қазақстан Ғылым Академиясының академигі (1946), Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері (1945).
Өмірбаяны
Дулат тайпасының Жаныс руынан.[1]
- Халық-ағарту институтын бітірген (1932, Қостанай).
- 1932 – 34 жылдары Республикалық Халық-ағарту омиссариатында нұсқаушы болып жұмыс істеді
- 1934 – 39 жылдары КСРО Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-зерттеу институтының Ленинград бөлімшесінің аспиранты, Қазақ КСР Халық-ағарту комиссариатының мектептер жөніндегі ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары
- 1939 жылдан 1946 жылдары аралығында КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының Тіл, әдебиет және тарих институтының тұңғыш директоры.
- 1946 – 51 жылдары «Қазақ КСР Ғылым Академиясы Хабарлары» журналының алғашқы редакторы.
- 1947-56 жылдары Қазақ КСР ҒА қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің хатшысы,
- 1956 жылы Қазақ Ғылым академиясының вице-президенті болып сайланып, ол қызметті 1958 жылға дейін атқарды.
- 1955 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ КСР Ғылым академиясының тілтану институтының қазақ тілінің тарихы және диалектологиясы бөлімін басқарды.[2]
Ғылыми еңбектері
Негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ тілінің тарихы мен синтаксисіне, әдеби тіл тарихы, түркітану, диалектология, орфография, жазу, емле, сөздік түзу мәселелеріне арналған. Морфология саласында ол қазақ тіліндегі етістік категориясының жасалу тәсілдері мен тарихи даму жолдары, көсемше тұлғалары, олардың мағыналары, синтаксистік қызметі жайында және қазақ тілі грамматикасының, оның ішінде морфологиясы, орфографиясы мен алфавиті жайында ғылыми еңбектер жариялады..
«Құрмалас сөйлем», «Қазақ тілінің грамматикасы», «Синтаксис», «Қазақ тілінің синтаксис мәселелері», «Жай сөйлемдердің байланысу амалдары», «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі», «Жанама толықтауыш пен пысықтауыш мүшелері» деген еңбектерінде құрмалас сөйлемдердің қалыптасу жолдарын басқа да түркі тілдеріндегі құрмалас сөйлемдердің даму жүйесімен, сондай-ақ тарихи жазба ескерткіштер мәтінімен салыстыра зерттеді. «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Қазақ әдеби тілінің дамуындағы Абайдың рөлі», «Қа-зақ әдеби тілінің тарихын зерттеу туралы» атты мақалалары әдеби тіл туралы алғашқы ғылыми тұжырымның бастауы болды. Сауранбаев Қазақстанның әр аймақтарына тұңғыш рет диалектологиялық экспедициялар ұйымдастырды, ғылыми еңбектері қазақ диалектологиясы пәнінің қалыптасуына игі ықпал етті.
Ол «Орысша-қазақша» сөздіктің жалпы редакциясын басқарған. Ғалымның «Қазақ тілі: лексика, фонетика, морфология, синтаксис» оқулығы білім беру саласьшда үлкен сұраныска ие болды. 1954 жылы Шығысты зерттеушілердің бүкіл дүниежүзілік XXIII конгресіне Кеңес делегациясының құрамында қатысып баяндама жасаған. Сондай-ақ Иран, Ирак, Англия, Үндістан елдерінде өткен халықаралық конференциялар мен кездесулерге қатысқан.
Н. Сауранбаев 1950 жылдардан бастап қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясы туралы мәселелермен шұғылданды. Әдеби тілдің тарихы жөнінде еңбек жазып, артына елеулі із қалдырды:
- "Қазақ әдеби тілінің дамуындағы Абайдың рөлі" (1954)
- "Қазақ тілінің жасалуы туралы" (1954)
- "Қазіргі қазақ тіліндегі диалекттер" (1955)
- "Қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеу туралы" (1960)[3]
Марапаттары
Нығмет Сауранбайдың ғылыми жұмыстарын, ұйымдастырушылық қабілетін және қоғамдық еңбектерін жоғары бағаланып:
- екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен
- медальдармен
- Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен бірнеше рет марапатталған.
Есте қалдыру
- Алматы қаласындағы Жібек жолы көшесіндегі қоғам қайраткері, академик Нығмет Сауранбаев тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған.
- Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Шарбақты ауылындағы 8 жылдық мектепке
- Қордай ауылында көшеге ғалымның есімі берілген.[4]
Дереккөздер
- ↑ Баспа бас директоры:Әшірбек Көпіш Бәйдібек баба - Алып бәйтерек ұрпақтарының шежіресі. Жаныс — Алматы: Издательство Өнер, 2004. — 992 б. — ISBN 9965-595-78-Х.
- ↑ Тараз энциклопедиясы
- ↑ Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3
- ↑ Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 7 том