Николай Петрович Егоров (28 тамыз 1938 жылы туған, Ресей, Мәскеу қаласы) – ауыл шаруашылығы ғылымының докторы (1989), профессор (1992), Қазақстан Ғылым Академиясының академигі (2003) және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі (1991).
Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын (1961) және Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын (1966) бітірген. Талдықорған облысының Сарқан ауданындағы «Пограничник» тәжірибелік-көрсеткіш кеңшарында аға зоотехник-селекционер (1961–62), Алматы облысы Қаскелең ауданындағы «Қазақ КСР-іне 50 жыл» кеңшарында, Қазақ құс шаруашылығы бойынша аймақтық тәжірибелік стансасында бөлім меңгерушісі (1966–69), директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары (1969–76), директоры (1976–92), Қазақ құс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры (1992–2000) болды. 2000 жылдан сол институтта бөлім меңгерушісі.
«Методы повышения эффективности использования кормов при интенсивном производстве мяса птицы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Оның негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері Қазақстанның оңтүстік аймағы мен Орталық Азия республикаларының ыстық климатында құстарды дұрыс қоректендіруге, сыртқы орта факторлары мен құстар генотипінің өзара байланысын зерттеуге арналған. Егоров 162 ғылыми-зерттеу еңбектің, оның ішінде 3 монографияның авторы.[1]
Дереккөздер
- ↑ Қазақ Энциклопедиясы