Баймақанов Мұрат Тәжімұратұлы(1.11.1933 жылы туған, Алматы қаласы) – заң ғылымдарының докторы (1973), профессор (1993), Қазақстан ғылым академиясының академигі (1983)[1].
Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген (1957). Қазақстанның Әділет министрлігінде (1957–1959) қызмет атқарып, Қазақстан ғылым академиясының Философия және құқық институтының аспирантурасын (1962) бітірген. Философия және құқық институтының (кейін Мемлекет және құқық институтының) кіші (1962–1963), аға (1966–1971) ғылым қызметкері, ғылым хатшысы (1963–1966), бөлім меңгерушісі (1971–1992), институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары (1973–1984) және директоры (1984–1990) қызметтерін атқарды. Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының төрағасы (1992–1995) болды. 1995 жылдан «Қайнар» университетінің және «Әділет» жоғары құқық мектебінің проректоры.
«Социализм тұсындағы құқық қондырмасы дамуындағы қайшылықтар» деген тақырыпта докторлық диссертиция қорғады. Баймақановтың ғылыми-зертханалық жұмысының негізгі бағыттары – мемлекеттік құқық пен өкілеттілік жүйесі, конституциялық құқық, мемлекет және құқық теориясының мәселелері. Қоғамның құқықтық қарым-қатынастарындағы, құқықтық санадағы сан алуан қарама-қайшылықтарды зерттеп, қоғамдық санада құқықтық түсініктің пайда болуы мен қалыптасуын қарастырған іргелі зерттеу жұмыстарына жетекшілік етті. Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасын, сондай-ақ мемлекеттік басқару органдары туралы заң жобаларын жасауға қатысты. «Мемлекетті басқаруды және құқықты дамытудың заңдылықтары» республикалық ғылым кеңесін басқарды. Сонымен қатар саясаттану мәселелерін зерттеп, бірнеше іргелі еңбектер жазды. 1978–1993 жылы Қазақстан саяси ғылымдар ассоциациясын басқарып, АҚШ, Франция, Бразилия, т.б. елдерде өткен халықтар. конгрестерде сөз сөйлеген. Баймақанов 150-ден астам еңбектің, оның ішінде 14 монографияның авторы.
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық лауреаты (1973).[2]
Шығармалары
- Противоречия в развитии правовой надстройки при социализме, А.-А., 1972;
- Становление суверенитета Республики Казахстан, А., 1994;
- Взаимодействие правового сознания моралью и нравственностью в обществе переходного периода, А., 1995.
Дереккөздер
- ↑ Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9
- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, II том;