Монополия (гр. monоs – жалғыз және poleo – сатамын) —
- бір тұлғаның немесе тұлғалар тобының, мемлекеттің белгілі бір затқа (мысалы, жерге), белгілі бір затты өндіруге немесе сатып алуға, белгілі бір тауарлармен сауда жасауға айрықша құқығы;
- салалық, ұлттық немесе әлемдік нарықта басым, үстем жағдайға ие кәсіпорын немесе кәсіпорындар тобы. Монополия әдетте жеке меншіктегі, өзіндік, топтық немесе акционер меншіктегі және өнім өндіру мен өткізуді бақылайтын ірі шаруашылық бірлестіктер (картельдер, синдикаттар, концерндер, консорциумдар, т.б.) болып табылады. Өндіріс пен капиталды жоғары деңгейде шоғырландыру негізінде Монополия көп пайда табу мақсатымен бағаны белгілеп, бақылап отырады. Өндірісті Монополияландыру нарықтық экономиканың бәсекелестік әлеуетін тұншықтырады, бағаны өсіріп, өндіріс көлемін төмендетеді, Монополияға қыруар пайда түсіреді. Тәжірибеде шығарылатын өнімнің 80%-ына монопол. бақылау жасау қалған өндірушілерге бағаны өктемдікпен таңу үшін жеткілікті. Дамыған елдердің бәрінде, оның ішінде Қазақстанда да монопол. өктемдікке қарсы Монополияға қарсы заңдар қабылданған; 3) бір немесе бірнеше кәсіпорын бақылау жасайтын нарық түрі; монопсония не олигополия түрінде де көрініс табуы мүмкін. Жасырын Монополия, яғни заңды тұрғыда салынған тыйымдар мен шектеулердің көмегімен бәсекеден қорғалған (көбінесе мемлекеттік Монополия), табиғи Монополия, яғни мұндай монополиясыз ресурстарды тиімді пайдалануға қол жеткізуге болмайтын қажеттіліктен туған ашық Монополия, яғни бір фирма жағдайлардың тоқайласуы себепті тауарды бірден-бір өндірушіге айналатын Монополия түрлеріне бөлінеді.[1][2]
Монополия түрлері
Сипатына және пайда болу себептеріне байланысты монополияны бөлуге болады:
- Табиғи монополия - сирек кездесетін және өндірілмейтін өндіріс факторына биіктеу жағдайында пайда болады (тұтынушыларға - су отын, энергия қуатын, газ беру және т.б. фирмалар ).
- Жасанды монополия - фирмалардың бірігу және келісу нәтижесінде пайда болады.
- Кездейсоқ монополия - өз шеңберіндегі тұтынушылардың сұраныстының ұсыныстан уақытша артуы жағдайында пайда болады. [3]
Дереккөздер
- ↑ Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007.ISBN 9965-32-491-3
- ↑ Қаржы-экономика сөздігі. — Алматы: ҚР Білім және ғылым министрлігінің Экономика институты, «Зияткер» ЖШС, 2007. ISBN 978-601-215-003-2
- ↑ Рамазанова Г.Б, “Экономиялық теория негіздері”, Павлодар, 2013
Сілтемелер