Мир Әлім Бұхари, Мұхаммед Мір Әлім – парсы тілінде жазған түркістандық тарихшы(19 ғ.). Бұхар әмірлігінде Насроллах әмір билік еткен тұста (1827 – 60 жылдары) Хұзар билеушісі Мұхаммед Әлім бектің хатшысы (дәбірі) болған. Соның тапсыруы бойынша парсы тілінде “Фатхнаме-и Сұлтани” (“Сұлтан жеңістері жайлы кітап”) еңбегін жазды. Бұл еңбек “Тарих-и Әмір Нәсрәллах” (“Насроллах Әмірдің тарихы”) немесе “Тарих-и Сұлтани” (“Сұлтан тарихы”) деп те аталады. Шығарма алғы сөзден, 29 тараудан тұрады. Еңбек Бұхар әмірлері Шах-Мұрат (1785 – 1800 жылдары) пен Хайдар (1800 – 26 жылдары) билік еткен кезеңдерге қысқаша шолу жасаудан басталады. Одан әрі автор Насроллахтың тақ мұрагері атанған күнінен бастап билік жүргізген алғашқы жылдарындағы оқиғаларды сипаттап, Шахрисабз қаласына жүргізген жорығымен аяқтайды. Бұл шығарма Насроллахтың билік тарихын кеңінен баяндайтын еңбектің 1-томы саналады. Шығарма соңында автор 2- томды жазуды ойластырғанын айтады, бірақ жазылғаны жайлы еш дерек жоқ. Бұл еңбекте Бұхар хандығындағы маңғыттардың өзара қырқысуына қазақтардың да тартылғаны туралы мәлімет келтіріледі. Мұнда Орталық Азияның басқа да мемлекеттері мен халықтары жайлы көптеген деректер бар. Қолжазбаның бір нұсқасы Өзбекстан Шығыстану институттының қолжазба қорында және Медине қаласында сақтаулы.[1]
Сілтемелер
Дереккөздер
- ↑ Қазақ энциклопедиясы, 6 том