Әзірбаев Мардан Нығметұлы 1909 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданында дүниеге келген. 1938 жылы белгілі себептермен қаза табады. Белгілі алғашқы қазақ геологтарының бірі.
1923 — 1927 жылдары комсомол қызметінде болды. 1928 жылы Мәскеу тау-кен академиясына, 1932 жылы Мәскеу геолология-барлау институтын бітірген. 1931 жылы КСРО ғылым академиясының Ош-Памир экспедициясына қатысты. Сванетияда (Грузия) алтын кендерін іздеп-барлады (1932 — 1934). 1934 жылы “Казредметразведка” тресіне жұмысқа ауысып, Іле, Күнгей Алатау, Таулы Алтай және Сарыарқада зерттеу жұмыстарын жүргізді. Әзірбаев Кенді Алтайдағы ірі Шыңдығатай вольфрам-молибден кенін ашты (1935), осы ауданның геологиялық картасын жасады. Орталық ғылым басылымдарда Қазақстанның, Өзбекстанның, Кавказдың сирек металл, алтын, мыс кендерінің геологиясы мен генезисі жөнінде ғылыми мақалаларын жариялады. 1935 — 1936 жылдарда Қазақ кен-металлургия институтында оқытушы болды. Әзірбаев экспедициялық жұмыстар кезінде қазақ халқының мақал-мәтел, қанатты сөздерін жинап хатқа түсірген. 1937 жылы Ішкі Істер Халық Комиссариаты үкімімен жазықсыз тұтқынға алынып, өлім жазасына кесілген. 1938 жылы наурыздың басында атылған. 1950 жылдары ақталған.[1]
Дереккөздер
- ↑ Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2002, ISBN 9965-607-02-8