Леонид Павлович Ни (9.4. 1923, Ресей, Владивосток қ. – 30.7.2005, Алматы) – металлург-ғалым, техника ғылымдарының докторы (1967), профессор (1969), ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі (1994).
Қазақ тау-кен металлургия институтын (қазіргі ҚазҰТУ) (1946) және аспирантурасын (1951) бітірген. 1951 жылдан Металлургия және кен байыту институтында ғылыми қызметкер, директордың орынбасары (1970 – 1981).
Еңбектері
Негізгі ғылыми еңбектері алюминий тотығының (глинозем) физикасы-химиясы мен технологиясын зерттеуге арналған. Павлодар алюминий зауытында төменгі сапалы бокситтерді өңдеудің жаңа тәсілін жасап, өндіріске енгізді (КСРО Мемлекеттік сыйлығы, 1980).
Кеңқұрамды глиноземі бар жүйелердің құрылымдық және фазалық ауысуларын, алюминий ерітінділеріндегі күрделі зат алмасуларын, қатты фазалардың кристалдану процестерін, олардың метатұрақты және нағыз тепе-теңдік жағдайындағы құрылымдық түрлендірілу тәсілдерін зерттеді.
Ни Леонид Павлович 700-ден астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 15 монографиясы, 100-ден аса патенті мен авторлық куәлігі бар. Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен, медальдармен марапатталған.[1]
Шығармалары
- Щелочные гидрохимические способы переработки высококремнистых бокситов, А., 1967;
- Переработка высокожелезистых бокситов (физикохимия и технология), М., 1979 (соавт.);
- Комбинированные способы переработки низкокачественного алюминиевого сырья, А., 1988 (соавт.).
Дереккөздер
- ↑ Қазақ Энциклопедиясы, 7 том 2 бөлім