Кенен Әзірбаев (1884 жылғы19 маусымда, қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ елді мекенінде дүниеге келген - 1976 жылғы12 сәуірде Жамбыл облысы, Қордай ауданында, сол кездегі Киров колхозында (қазіргі Кенен ауылы) қайтыс болды) — қазақтың әйгілі халық ақыны, жырау, сал-серілік дәстүрдің соңы, әнші және композитор. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.
Дулат тайпасының Жаныс руынан.[2][3]
Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Кенен өзі өмір сүрген замандағы әйгілі «маусым жарлығы», сонымен сабақтас 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс, одан соңғы Қазан төңкерісі, ұжымдастыру науқаны, халық дәулетінің жаппай тәркіленуі, халықты қынадай қырып кеткен ашаршылық, репрессия , соғыс, одан кейінгі тың игеру мен екпінді құрылыстар салу барысындағы желбуаз ұраншылдық сияқты халық тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізген тарихи оқиғалардың бел ортасында болды. Жай сырттай бақылаушы емес, сол тарихи оқиғаларға Кенен сергек араласып, өзінің азаматтық позициясын бойындағы буырқанған дарыны арқылы айғақтап отырды. Бұл ретте, Кененнің әнші, ақын, жырау, күйші ретіндегі алуан арналы шығармаларын өзі өмір сүрген заманының жанды шежіресі деуге болады. Ол өз ғұмырында жүзден аса ән шығарып, оның өлеңін де өзі туындатып, бұған қоса асқан шеберлікпен өзі орындаған біртуар дарын иесі.[4] 10 жасында қолына домбыра алып ән сала бастаған. 11 жасында өзінің тұңғыш әні "Ри, қойым", 13 жасында атақты "Бозторғай" әндерін шығарды. Халықтың көңілін елең еткізген бұл ән тез арада бүкіл қазақ даласына тарады. Бала Кененнің аты қырғыз-қазаққа мәлім болып, "Боздаланың бозторғайы" атанды. Сондай-ақ, екі жүздей лирикалық, дидактикалық арнаулар мен толғаулардың авторы. Оның репертуарында оңдаған эпикалық жыр-дастан болған. Сол жыр-дастандарды таңды-таңға ұрып жырлап, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырып, халықтың рухани ұйтқысы болған тұлға. Ол ән мен жырдың кеніші атанған Жетісудың ғана емес, исі қазақтың әншілік-күйшілік, ақындық-жыршылық, сал-серілік дәстүрін терең игерген өнер тарланы. Кененнің дарын тегеуріні қазақтың ән өнерін әуендік интонациялық жағынан байытып, әннің түр-тұлғасын жаңа биіктерге көтеріп, тақырып аясына тарихи-әлеуметтік тың мазмұн дарытып, соны өрістерге алып шықты. Оның «Бозторғай», « Көкшолақ», «Бұлбұлға», «Он алтыншы жыл» сияқты әндері әуендік толымды жаңалықтарына қоса, бітім-құрылысы мен тақырыбы тұрғысынан да өзіндік төл сипатымен дараланады. Бұл әндердің қай-қайсысының да астарында уақыт тынысына қоса, ең алдымен Кененнің өзінің тарихи түйсік-зердесі, жалтағы жоқ болмысы аңғарылады. Мәселен, 16-шы жылғы толқудан көп бұрын дүниеге келген «Бұлбұлға» өлеңінде бұлбұлмен мұңдаса отырып, «Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр» деген сөзді айту үшін ыза-кекке қоса, сол кездегі іріп-шіріген саяси ахуалды түсінетін көреген зерде керек қой. Немесе, күндей күркіреген Отан соғысының алғашқы күндерінде-ақ Алатаудың ақиық қыранындай саңқылдап, «Біздің Отан жеңеді!» деп жар салуы – ерге лайық жалтақсыз сенімнің, ақынға лайық оптимизмнің , ақылгөйге лайық көрегендіктің айғағы болса керек.[5]
Ақынға құрмет
Кенен Әзірбаевтың есімі:
Алматы облысы, Іле ауданы, Боралдай ауылында орналасқан жалпы орта білім беретін №15 орта мектебіне;
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Райымбек ауылында орналасқан мектебіне;
Жамбыл облысы, Қордай ауданы, "Отар" станциясындағы №41 орта мектебіне;
Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Қожамберді ауылында орналасқан орта мектебіне берілді.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Шымкент және т.б. қалалар мен аудандарда көше берілді
2001 жылдан бері Тараз қаласында екі жылда бір рет Кенен Әзірбаев атындағы "Шырқа, даусым!" атты Республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы өтіп тұрады
2009 жылы ақынның 125 жылдық мерейтойына Кенен Әзірбаевқа арналған Қазақстанның пошта маркасы шығарылды
2011 жылы ақынның шығармашылығы мен өмірі туралы "Алатаудың ақиығы" атты деректі фильм түсірілді
2013 жылы Алматы қаласында ескерткіш орнатылды
2016 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданында "Тұлғалар тұғыры" мемориалдық кешені ашылды
2018 жылы Кенен Әзірбаевтың құрметіне ресми сайт ашылды
2018 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық филармониясына Кенен Әзірбаевтың есімі берілді
2019 жылы Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының алдына ескерткіш қойылды
Ақынның 100, 110, 120, 125, 135 жылдық мерейтойлары Республикалық деңгейде үзбей тойланып келеді.
Кенен Әзірбаевтың шығармашылығы мен өмірі туралы жазылған кітаптар: "Әке рухымен сырласу", "Кенен", "Екі Кенен тумайды", "Әке рухына тағзым", "Ұлы дала жыршысы"
Кенен Әзірбаев артына өлмес мол мұра қалдырып, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани асыл қазыналарын бүгінгі өмірімен сабақтастыруға өлшеусіз үлес қосқан өнерпаз. Ақиық ақынның өлмес өлең-жырлары мен әсем ән-күйлері халықпен бірге мәңгі жасай бермек.[6]