Исмаил әл-Жауһари әл-Фараби

Исмаил әл-Жауһари әл-Фараби, Исмаил бин Хаммад әл Жауһари Әбу Наср әл-Фараби (940, Отырар1002, Отырар) – ғалым, ақын.


Нағашысы Исхақ әл-Фараби оны Бағдадқа алдырып, белгілі араб ғалымдары Әбу Әли әл-Фариси мен Әбу Саид ас-Сирафидің дәрістерін тыңдатады. Исмаил әл-Жауһари әл-Фараби Хижазға сапар шегіп, жергілікті бәдәуилердің тіл ерекшеліктерін меңгеріп, болашақ еңбектеріне қажетті білім жинаған. Одан Хорасанға қайтып, Нишапур мен Рейдің арасындағы Дамиғанда тұрған. Дамиғанда Әбу Әли әл-Хусайн Әлимен танысып, одан каллиграфия ілімін үйренеді. Белгілі ортағасырлық ғұлама ас-Са алиби Исмаил әл-Жауһари әл-Фараби жазуының ерекше әдемілігіне тоқтала келіп, “оның жазуын аббастық халифаның уәзірі әрі каллиграфы Әбу Абдолла бин Мұқланың жазуынан айыру қиын” деп жазған.


Исмаил әл-Жауһари әл-Фараби ғылымда “ас-Сихах” атты еңбегімен белгілі. Еңбектің толық атауы: “Тәж әл-луғат уа сихах әл-арабийа” (“Тіл тәжі және араб тілінің дұрыс сөздері”). Бұл еңбек – 40 мың түбірді біріктірген араб тілінің классикалық түсіндірме сөздігі.

Сөздік араб тілі ғана емес, әдебиеті жөнінде де аса бай мағлұмат береді. Сөздіктің үлгілері Лондон, Берлин, Булан, Каир, Калькутта, Лейден, Махачкала, Париж, Санкт-Петербург, Ташкент, Тебриз, Эскуриал, т.б. қалалар мұражайлары мен кітапханаларының қолжазба қорларында сақтаулы. Алғаш рет “ас-Сихах” Сауд Арабиясының королі Фахд бин Әбд әл-Азиз Әл Саудтың алғысөзімен 1956 жылы Каирде жарық көрді. Кейін Бейрутте 1979, 1984, 1990 жылы үш рет қайталанып басылды. Исмаил әл-Жауһари әл-Фарабидің бұл шығармасы бүгінде 6 томнан тұрады. Исмаил әл-Жауһари әл-Фарабиді бұдан басқа “Аруд әл-урқати”, “Муқаддимат фи-н-наху” трактаттарының авторы. “Муқаддимат фи-н-наху” атты еңбектері бар. “Аруд әл-урқатидың” (“Аруд”) қолжазбасы 1991 жылы Түркияның Стамбұл қаласындағы Атыф Ефенди кітапханасынан табылған. Қолжазбаны түрік ғалымы Нихад Четин тауып, “Ислам энциклопедиясында” “Аруд” атты мақала жариялады. Алайда, қолжазбаны жариялауға үлгермеген. Шәкірті Мұхаммад Сади Чугенлі 1994 жылы Ерзурум қаласында Исмаил әл-Жауһари әл-Фараби осы еңбегіне алғысөз жазып, қолжазбаны жарыққа шығарды. Он ғасыр бойы тағдыры белгісіз болып келген бұл шығарма толық сақталып жеткен өлең теориясы жөнінде жазылған трактаттардың ең көне нұсқасының бірі.Исмаил әл-Жауһари әл-Фараби ғылым еңбектерімен қатар поэзиялық шығармалар да жазған.[1]

Дереккөздер

  1. “ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6

Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!