Зейнолла Қабдолов (1927—2006) — жазушы, әдебиет зерттеушісі, ұстаз, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақ және Қырғыз Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері.
Ширек ғасыр бойы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің әдебиет кафедрасын басқарып, бірнеше жыл «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы міндеттерін негізгі қызметімен қоса атқарған.
«Ұшқын» және «Жалын» романдарының, «Адам», «Сыр» атты жинақтарына енген әңгіме-очерктері мен Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық және бірнеше облыстық театрлардың сахналарында қойылған «Сөнбейтін от» драмасының авторы. «Менің Әуезовым» романы үшін 1998 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Өмірінің соңына дейін Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті жанындағы филология ғылымдары докторы дәрежесін тағайындау жөніндегі тұрақты диссертациялық кеңестің төрағасы қызметін атқарған.
Тұңғыш көлемді шығармасы «Өмір ұшқыны» 1956 жылы қазақ, 1958 жылы «Искра жизни» повесі орыс тілінде жарық көрген. 1964 жылы «Адам» атты әңгімелер мен очерктер жинағы шыққан. 1967 жылы республикалық байқауда «Сөнбейтін от» пьесасы сыйлық алған. «Мұхтар аға» документалды кинофильмінің сценарийін жазған. Мұнайшылар өмірінен жазылған «Жалын» романы 1970-1971 жылдары қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген. Бұл роман жұмысшылар табы туралы ең үздік туындылар жөнінде КСРО Жазушылар одағы жариялаған бүкілодақтық байқауда арнаулы сыйлық алған. 1964-2002 жылдары әдебиеттану ғылымы мен теориясын зерттеу, орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазу ісінде де жемісті еңбек еткен. Оның «Арна» зерттеу-сын-эссесі, «Жанр сыры», «Сөз өнері» монографиялары, «Жебе» әдеби толғаныстар мен талдаулары, «Көзқарас» талдаулар мен толғаныстары, «Әдебиет теориясының негіздері» атты еңбектері студенттер мен мұғалімдердің және жазушы-журналистердің қажет кітаптарына айналды.
Басқа да көптеген еңбектері: екі томдық шығармалары, «Елеусіз қалған есіл ер» пьесалар жинағы, «Менің Әуезовым», «Ұшқын», «Жалын» романдары, таңдамалы шығармалар, бес томдық алғашқы кітаптары «Жазушы», «Санат» баспаларынан әр жылдары басылып шыққан.
Ұзақ жылдар бойы З.Қабдолов өзі дәріс алып, аялы алақанның, ыстық лебізінің шапағатын көрген ұстазы - ұлы Мұхтар Әуезовтың ғылым ордасындағы киелі орнын жоғалтпай, Әуезов кафедрасының ісін жалғастырып, отын өшірмей келген.
ЮНЕСКО көлемінде әлемдік деңгейде аталып өткен М.Әуезовтың 100-жылдық мерейтойына арнайы жазылған «Менің Әуезовым» атты роман-эссесінде ұлы қаламгердің ұстаздық феноменін таныту арқылы оның әдеби бейнесін жасау тәжірибесін жаңа сапаға көтерген. Эссе әдебиетіміздің алтын қорына құнды қазына болып құйылды.
Аударма жұмыстарымен де айналысып, А.Пушкиннің «Балықшы мен балық» ертегісін, Н.Гогольдің мақалалары мен хаттарын, В.Добровольскийдің «Сұр шинельді үш жігіт», В.Закруткиннің «Судағы станица» романдарын, А.Островскийдің «Ұшынған ақша», М.Горкийдің «Күн перзенттері», Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» пьесаларын қазақ тіліне аударған.
«Халықтар достығы», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, көптеген медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Бірінші дәрежелі сыйлығының лауреаты. Көркем шығармалары бірнеше шетел тілдеріне аударылған.
Алматы қаласындағы мекен-тұрағы болған Желтоқсан көшесіндегі 132 үйдің қабырғасына мемориалды тақта орнатылып, қаладағы көшелердің біріне жазушының есімі берілген.[1]
Дереккөздер
↑Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2