Петр Васильевич Ермолов (28 қыркүйек 1938 жылы туған, Өзбекстан, Наманған қаласы) – геология-минералогия ғылымдарының докторы (1982), профессор (1993), Қазақстан ғылым академиясының академигі (2003).
Ташкент политехникалық университетін бітірген (1961). Шығыс Қазақстан өндірістік геология бірлестігінде геолог, аға геолог, Алтай іздеу-түсіру экспедициясының бастығы (1961–71), Қазақстан ғылым академиясының Геология ғылымдар институтында аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі, осы институттың Алтай бөлімшесінің меңгерушісі (1971–84) және Қарағанды бөлімінде (1984–86), сондай-ақ Қазақстан ғылым академиясының Химия-металлургия институтында (1986–88) зертхана меңгерушісі, Геология ғылымдар институты Қарағанды бөлімінің меңгерушісі (1988–91), Қарағанды қаласындағы Жер қойнауын кешенді игеру проблемалары институты директорының орынбасары, бас ғылыми қызметкері (1991–99) болып еңбек етеді.
«Петрология гранитоидов Зайсанской складчатой области Восточного Казахстана» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Оның негізгі ғылыми еңбектері метаморфтық және магмалық тау жыныстарының петрологиясын, колчедан-полиметалды және алтын кен орындарының геологиясын, минералогиясын зерттеуге арналған. Ол Шығыс Қазақстанның алғашқы 1:500000 масштабтағы геологиялық картасын құрастырған; 138 ғылыми жарияланымның, оның ішінде 11 монографияның («Глубинные включения в гранитоидах складчатых областей», 1990) авторы.[1]
Дереккөздер
- ↑ Қазақ Энциклопедиясы